Азық-түлік инфляциясының ең жоғары деңгейі Астана және Шымкент қалаларында болған
Премьер-министрдің орынбасары - Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин 2023 жылдың басынан бері елімізде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары тізіміндегі қай өнімдер айтарлықтай қымбаттағанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Осы жылдың қаңтар айының қорытындысы бойынша инфляция 1,1%, оның ішінде азық-түлік 1,4%, азық-түлік емес 0,9%, ақылы қызметтер 0,7% құраған.
Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғариннің сөзінше, азық-түлік инфляциясының ең жоғары деңгейі Астана және Шымкент қалаларында 2,2%-дан, Қызылорда және Солтүстік Қазақстан облыстарында – 1,8%-дан, Ақтөбе облысында – 1,7%, Ұлытау облысында - 1,5% құраған.
«Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының индексі жыл басынан бері 1,7% болды. Апталық динамика +0,3, +0,4% болып қалыптасуда. Жыл басынан бері ең жоғары өсу қарқыны Маңғыстау облысында – 3,4%, Ұлытау облысында – 2,8% және Астана қаласында - 2,5% байқалды», - деді ол.
Жұманғарин, тауарлар бөлінісінде жыл басынан бері ең жоғары өсім пиязға - 22,5%, күріш - 5,2%, қырыққабат - 4,1%, сүт және сәбіз - 3,1%, картоп - 3,0%, рожки - 2,6%-ды құрағанын айтты.