Шағын кәсіпкерлікке бөлінетін несие көлемі соңғы бір жылда 26 пайызға азайған
Шағын және орта бизнеске берілетін барлық несиенің 57%-ы тек бір аймаққа тиеселі. Ал тамыз айының соңындағы көрсеткішке қарағанда, шағын кәсіпкерлікті қолдауға деп бөлінетін несие көлемі 26,1%-ға дейін азайып, 2,1 трлн теңгені құрады. Ал өткен жылдың тура осы кезеңінде оның көлемі 2,9 млрд теңге болатын. Бұл туралы Finprom сайты жазады.
Жалпы несие берудің ең жоғарғы көрсеткіші 2017 жылдың тамыз айында тіркелген. Ол кезде ШОБ-ты қолдауға қазынадан 3,1 трлн теңге бөлінген. Қазір елімізде белсенді жұмыс істейтін 160,1 мың шағын кәсіпкерлік нысаны бар. Олардың қатары өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,5 пайызға көбейген. Былтыр олардың саны 150,2 мың болатын. Жалпы соңғы бес жылда орта есеппен жыл сайын шағын кәсіппен айналысатындар саны 10,2 %-ға өсіп отырған.
ШОБ-пен айналысатын кәсіп иелерінің дені көтерме және жекелеп сауда жасауға бейімделген. Олар 2019 жылы 529 млрд теңгеге сауда жасаған. Былтырға қарағанда, сауда көлемі біршама азайған. Өткен жылдың 8 айында мұндай кәсіпкерлердің сауда айналымы 691,4 млрд теңге болыпты.
Өндіріс салада шағын кәсіпкерлікке берілген қаражат 274,3 млрд теңге. Бұл салада да кредит алатындар кеміген. Былтыр осы уақытта оның көлемі 399 млрд теңге болыпты. Орта есеппен қолдау 31,3%-ға кеміген.
Ал құрылыс саласына берілетін несиелердің үлесі 17,7%-ға түсіп, биыл 8 айда бұл мақсатқа мемлекеттен 235,8 млрд теңге несие бөлінген.
Отандық банктерден тыс халықаралық қаржы институттары да жеке кәсіпкерлерлікке қолдау білдіруді жалғастырып жатыр. АзияДамуБанкі, Еуропалық қайта құру және даму банкі биыл жыл басынан бері ШОБ-қа 700 млн теңге бөлген.
Елдегі шағын бизнестің 57,2%-ы Алматы қаласының үлесінде. Қалада қазір 37 мың шағын компания жұмыс істейді. Одан кейінгі орында Нұр-Сұлтан қаласы мен Қарағанды облысы тұр.
Ришат Асқарбекұлы, Алматы