Екібастұз бен Риддерде коммуналдық қызметтің тарифі қымбаттайды

Автор: Аягөз Құрмаш

Тариф 1 наурыздан бастап көтеріледі

Фото ашық дереккөзден

Екібастұз бен Риддерде коммуналдық қызметтің тарифі қымбаттайды. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Үкімет кулуарында айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Әлібек Қуантыров тариф саясатын әр кәсіпорын жеке қарастыратынын атап өтті.

«Бұл туралы бірнеше рет айттым. Иә, белгілі бір өсімдер болды. Бұл нақты табиғи монополия субьектісіне байланысты, яғни, халыққа қызмет көрсететін, қуат көзін ұсынатын немесе қуат көзін салатын ұйымға және желілердің тозу көрсеткішіне де байланысты болады», - деді министр.

Ол Екібастұз жылу электр орталығы тарифті көтеруге өтінім бергенін атап өтті.

«Олар тарифті бірден 107%-ға көтеруді сұрады. Біз ондай қадамға бара алмаймыз. Оны ашық айттық. Өсім бұдан 4 есе кем болатын шығар. Олармен осылай жұмыс істеп жатырмыз. Екібастұз жылу электр орталығының иесі де мекемеге инвестиция салуға тиіс. Ол да жауапкершілікті сезінуі керек. Шығынның бір бөлігі бюджетке, бір бөлігі тұрғындарға түседі. Әділеттілік болуы керек. Сонда өсім баяу жүруі керек», - деді ол.

Сондай-ақ, министр Екібастұз бен Риддердегі жылу беру жүйесіне қатысты мәселеге тоқталып, бұл қалаларды жылу ақысы қымбаттайтынын жеткізді.

«Екібастұзда жүйе әбден тозған. Ең үлкен өсім сол жақта жоспарланған. 2 есе жоғары болады. Бірақ біз оны басқа механизмдер арқылы тежеуді жоспарлап отырмыз. Екібастұз бен Риддерде өсімді баяу жүргізгіміз келеді. Мысалы, жылудың жаңа тарифі бұл қалалалардың тұрғындары үшін наурыз айында сезіледі. Сәуірде наурыз айының түбіртегі келеді. Ол кезде күн жылына бастаған соң жылу аз тұтынылады. Осылайша, олар тарифтің өскенін наурыз бен сәуірдің жартысында ғана сезінеді. Одан кейін өсімді келер қыста бірақ сезінуі керек. Жылуға төленетін бірінші түбіртек қараша айында бір-ақ келеді. Бәлкім, тарифтің өсуін тұрғындар сәуірде сезінеді», - деп сөзін түйіндеді Әлібек Қуантыров.