Ауыл шаруашылығы субсидияларының тиімділігі нөлге тең - Тимур Құлыбаев

Автор: Azattyq Rýhy

Соңғы бірнеше жылда субсидиялау ережесі 47 рет өзгерді

Нұр-Сұлтанда кәсіпкерлердің  жемқорлыққа қарсы мәселелеріне арналған IV республикалық форумы өтіп жатыр. Жиында «Атамекен» ҰКП басшысы Тимур Құлыбаев ауыл шаруашылығы саласындағы проблемаларға тоқталды.

«Бізде жыл сайын 200 млрд теңге субсидия бөлінеді. Соңғы 10 жылда 2 трлн теңге ауыл шаруашылығына берілді. Бірақ саладағы еңбек өнімділігі артқан жоқ. Өкінішке қарай, ішкі жалпы өнімдегі ауыл шаруашылығының үлесі өскен жоқ. Сол баяғы 5%-да қалып қойды. Бұл аталған субсидиялардың тиімділігі төмен. Тіпті, нөлге тең десе болады»,- деді ол.

Оның сөзінше, саланы цифрландыруға өзгере беретін ережелер кедергі келтіріп отыр.

«Ең бастысы - елде өндірістік қауіпсіздік мәселесі шешілген жоқ. Субсидия беру – жемқорлық өте кең тараған саланың бірі. Соңғы бірнеше жылда субсидиялау ережесі 47 рет өзгерді. Әрине, ережесі өзгере беретін саланы цифрландыру өте қиын. Сондықтан біз сала алдында мемлекет қойып отырған тапсырмаларды орындайтын, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге ыңғайлы ереже керек», - деді ол бұған қатысты.

Құлыбаев салықтық тексерістерде де әрбір 5-ші кәсіпкер проблемаға кезігетінін атап өтті.

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан