Нөлдік баж салығы: Қазақстан, Беларусь, Ресей өз электромобилін құрастыруға ниеттеніп отыр

Автор: Azattyq Rýhy

ЕАЭО электромобильдерге нөлдік баж салығын қайтарады

фото: Батыржан Беспаев

Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер 2021 жылдың 1 қаңтарына дейін электромобильдерге салынатын кедендік салықты алып тастамақ. Бұл туралы бүгін Еуразия экономикалық комиссия алқасының төрағасы Михаил Мясникович айтты. Қазір салық көлік бағасының 15%-ын құрайды.  

«Бұл шешім пайдасын тигізу үшін бизнес қоғамдастық мемлекеттердің қолдауымен инфрақұрылым жасау керек. Себебі, зарядтау станциялары арзан емес. Импортты алмастыру туралы көп айтсақ та, бәрін сырттан алып жатырмыз. Егер қуаттау станцияларын салып қойып, оны қолданатын электромобильдер болмаса, онда қып-қызыл шығын ғой. Дегенмен, қазір Қазақстан да, Беларусь та, Ресей де өз электромобильдерін құрастыруға әрекеттеніп отыр. Сол себепті, 2021 жылдың 1 қаңтарына дейін салықты алып тастаймыз. Осылайша, қажетті инфрақұрылымның дамуына мүмкіндік береміз», - деді Azattyq Rýhy тілшісінің сұрағына жауап берген М.Мясникович.

Нөлдік төлем ЕАЭО аясында электромобильдерге 2014-2015, 2016-2017 жылдары да жұмыс істеді. Дегенмен, ол кезде заңды тұлғалар ғана салықсыз көлік кіргізе алатын еді. Енді бұрын 48-50% артық төлеп жүрген жеке тұлғалар да жаңа тәртіптің жеңілдігін сезінбек. Себебі электромобильді сырттан әкелгенде қосымша құн салығы 20%, кедендік салық – 15%-ды құрап, оған қоса акциз көліктегі аттың күшіне төленетін.

Дегенмен, көптеген сарапшылар ЕАЭО-ға мүше елдердің халқы жаппай электрокар сатып алу үшін станцияларды көбейтіп, кедендік салықты алып тастау жеткіліксіз екенін айтады. Олар жанармаймен жүретін көлікті электромобильге ауыстыру үшін жыл сайынғы салықтан да босатылып, арнайы жолақпен жүруге рұқсат беру керек деп есептейді. Оның үстіне электромобиль бағасы салыстырмалы түрде қымбат. Бұл техника ЕАЭО-ға мүше елдерде көп құрастырылмайды.

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан