Үш ай қатарынан 100 адамнан артық аударым алған мемқызметшілерді тексереміз – МКК ресми өкілі
Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми өкілі мобильді аударымдарды тексерудің басты мақсаты туралы айтты
Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көлеңкелі экономикамен күресіп, салық реформасын жетілдіре түсу үшін «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) және «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексін (Салық кодексі) қолданысқа енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды, деп жазады Azattyq Ruhy.
Осыған орай, Мемлекеттік кірістер комитетінің басшысы Данияр Жаналинов Қазақстан көлеңкелі экономикамен күресуде қандай шаралар жүзеге асырғанын және қандай шаралар жоспарланып отырғанын хабарлады.
Данияр Жаналиновтің бұл мәселеге қатысты айтқан мәлімдемелерінен елді елең еткізгені әрине – мобильді аударымдардың тексерулеріне қатысты жаңалық болды. Жаналинов хабарлағандай, 2023 жылдан бастап мемлекеттік қызметкерлердің мобильді аударымдары тексеріле бастайды екен. Егер мемлекеттік қызметшінің ұялы телефондағы онлайн-банкингіне айына 100 аударым жасаса, ол адам тексеруге ұшырайды.
Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметіне сүйенсек, мобильді аударымдар мына кезеңмен тексеріледі:
- І кезең – 2023 жыл, мемлекеттік қызметшілер, оларға теңестірілген тұлғалар және олардың жұбайлары
- ІІ кезең – 2024 жыл, квазимемлекеттік сектор қызметкерлері
- ІІІ кезең – 2025 жыл, жеке кәсіпкерлер
- IV кезең – 2026 жыл, Қазақстанның бүкіл азаматтары.
Осы ретте, Azattyq Ruhy тілшісі Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми өкілі Айнұр Нұрлашқызынан пікір ала отырып, бұл тексерулердің басты мақсаты не және ол қалай жүзеге асатынан білді.
«Ең алдымен, мобильді аударымдары тексеруге іліккен мемлекеттік қызметшіге хабарлама жіберіледі. Ол адам хабарламаға жауап бере отырып, ол аударымдар кәсіпкерлік мақсатта емес, басқа мақсаттарда алынғанын дәлелдесе, болды, ары қарай тексеру тоқтайды. Бұл ретте айта кететіні, банктер мәліметтің бәрін бірдей бере бермейді. Тек шектеулі ғана ақпаратты береді. Салық органдарының банктен ала алатын белгілі бір ақпараттары бар. Сол сияқты мобильді аударымдарға қатысты да шектеулі ақпарат аламыз. Осы жылдың аяғында мемлекеттік декларацияны тапсырған мемлекеттік қызметшілер, оларға теңестірілген адамар мен әйелдерінің жеке сәйкестендіру нөмірі арқылы тәуекелде тұрған адамдардың тізімін алып, тексереміз. Сомаға қарамайды, айына жүз әртүрлі адамнан түссе және ол үш ай қатарынан қайталанса, біз тексеруге аламыз», - деп түсіндірді ресми өкіл.
Оның айтуынша, бұл жердегі Қаржы министрлігі немесе Мемлекеттік кірістер комитетінің басты мақсаты – мемқызметшіні жұмысынан айыру немесе оған қатысты өзге де органдардың назарын аудару емес. Басты мақсат – салық түсімдерін қадағалау.
«Жалпы, мобильді аударымдарды тексерудегі біздің басты мақсат – мобильді аударымдарды заңда көрсетілгендей, жеке мақсатта емес, кәсіпкерлік мақсатта пайдаланып, одан пайда көріп, салықтан жалтарып отырған адамдарды анықтау. Қазір кейбір адамдар осылай мобильді аударымдардан пайда көріп, салық төлеуден жалтарып отыр. Қазір шағын және орта кәсіпкерлер салықтан босатылған, соған қарамастан, табысын жасырады. Үш жыл бойы олардан талап еткеніміз – декларация тапсыру және кассалық чек беру. Бірақ, соған қарамастан, мобильді аударымдардан пайда көріп жатыр.
Мемлекеттік қызметшілердің мобильді аударымдарын тексере отырып біз оларды жұмыстан шығару, жаза қолдануды көздемейміз. Біздің бір ғана мақсат – еліміздің қазынасын салыққа толтыру. Салық төленбесе, өздеріңіз білесіздер, жолдар жөнделмейді, мектеп салынбайды, балалар тегін білім мен тегін медицинаға жүгіне алмайды. Ал, мемлекеттік қызметшілердің мобильді аударымдарында қандай да бір тәртіп бұзу анықталса, біз оны ары қарай Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігіне береміз. Олардың жұмысқа қатысты мәселесін солар шешеді. Ал, біз айына әртүрлі 100 адамнан артық тараптан түсетін аударымдарды табыс ретінде санап, одан салық төлетсек болды», - дейді ол.
Ал, экономист Гүлнұр Аязбаеваның айтуынша, кез келген елде, кез келген нарықта көлеңкелі экономикамен күрестің 100 пайыз тиімді тәсілі жоқ, ал, біздің елдегідей, мобильді аударымдарды тексеру – көлеңкелі экономикамен күрестің бір тәсілі ғана.
«Көлеңкелі эконмикамен күресудің 100 пайыз нәтиже беретін жолы жоқ деп айтар едім. Бұл – тек сонымен күресудің бір жолы, тетігі ретінде ұсынылып отыр. Ал, нәтижесінде, негізі, керісінше адамдар арасында қолма-қол ақшаны көбірек ұстауға алып келеді. Естеріңізде ме, пандемия басталған кезде біз «қолма-қол ақшадан бас тартыңыздар, ол вирустың ортасы» деп халықты үгіттеп алдық. Енді халық қолма-қол ақшадан енді бас тартып үйрене бастаған кезде, осы артық бақылау арқылы қазір қайтадан жүйеге қайтып алып келейік деп тұрмыз. Өйткені, бәрі бір әркім өзінің кеңістігін еркін ұстағысы келеді. Ал, бұл артық бақылау деген, адамның кеңістігін бұзу. Адам психологиялық тұрғыдан болса да, экономикалық тұрғыдан да шектеу қойып тұр.
Үкімет мобильді аударымдарды тексеруді мемлекеттік қызметшіден бастай отырып, солардың бір адалдығын көрсеткісі келетін сияқты. Өйткені, бәрі бір мемлекеттік қызметшіде артық ақша жоқ. Бірақ, осы жерде заңды бір сұрақ туындайды, онда неге біз мемлекеттік қызметшіден жыл сайын декларация талап етіп отырмыз? Декларация бола тұра сонда мемлекет өз қызметкерлеріне сенбейді ме? Міне, көп адамның ойында алдымен осы сұрақ туындап, осындай сезім қалыптасады», - дейді ол.
КӨЛЕҢКЕЛІ ЭКОНОМИКАНЫ АНЫҚТАУДЫҢ ТАҒЫ БІР АМАЛЫ – ИНТЕРНЕТ ПЛАТФОРМАЛАР
Ал, сөзін жалғастырған Данияр Жаналиновтың айтуынша, жеке кәсіпкерді тіркеудің және сәйкесінше салық төлемеу себептерінің бірі салық міндеттемелерінің туындауынан қорқу екені жасырын емес.
«Мұндай міндеттемелерді оңайлату мақсатында онлайн платформалар (Yandex, Glovo, Wolt) арқылы қызмет көрсететін жеке тұлғалар үшін пилоттық жобаны жүргізу мәселесі қаралуда. Ілкі жоба ретінде «E-salyk Business» мобильді қосымшасында тіркеуден өткен кәсіпкерлерден салықты интернет-платформа ұстап қалады. Ілкі жоба сәтті аяұталса, біз салық, зейнетақы және әлеуметтік заңнамаға өзгерістер енгізуге кірісеміз. Яғни, интернет-платформада тіркелу кезінде жеке тұлғаға тәуелсіз қызметкер ретінде салық міндеттемесін орындау нұсқасын таңдау ұсынылады. Осылайша, салық төлеуші салық міндеттемесін өздігінен (E-Salyq Azamat-та) немесе интернет-платформа операторы арқылы автоматты түрде орындай алады», - дейді Жаналинов.
Жалпы, ресми дерекке сүйенсек, 2021 жылы елдегі көлеңкелі экономиканың үлесі 19,75 пайызды құраған. Биылғы көрсеткіш әлі саналып жатыр.
«Көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі жұмыс импорттан бастап түпкілікті тұтынушыға дейінгі тауарларды өткізудің бүкіл тізбегі бойынша бақылау жүргізуге бағытталған ақпараттық жүйелер кешені болып табылатын Ұлттық қадағалау жүйесіне негізделген. Құжаттамалық қадағалау Астана-1 және «Виртуалды қойма» модулі бар Электрондық шот-фактуралар жүйелерінде және тауарды онлайн-БКМ арқылы айналымнан шығарумен жүргізіледі. «Бірыңғай терезе» ақпараттық жүйесінде кедендік тазарту үшін қажетті кедендік қызметтер мен рұқсат беру құжаттары автоматтандырылған. Барлық кедендік декларациялар электрондық түрде, АСТАНА-1 жүйесі арқылы ұсынылады», - дейді көлеңкелі экономикамен күрестің өзге де жолдарын баяндаған ол.
Көлеңкелі экономиканың үлесін анықтау мақсатында биыл Мемлекеттік кірістер комитеті 18 мыңға жуық салықтық тексеру жүргізген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,2 есе көп. Өйткені, дебиторлармен өзара есеп айырысуды айқындау мәселелері және ЕАЭО мәселелері тақырыптық тексерулер саны былтырғыдан әлдеқайда көп болған.
«Осындай тексерулердің арқасында жер қойнауын пайдаланушылар бойынша 382 млрд теңге, оның ішінде тексерулер есебінен 73 млрд теңге қосымша өндіріліп алынды. Жыл басынан бері жер қойнауын пайдаланушылардың 63 тексеру, оның ішінде 8-і Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша және 4-і Бас прокуратураның тапсырмасы бойынша бақылауда болды. «Қазақмыс» және «KAZ Minerals» компанияларының топтарына қатысты тексерулер аяқталды, есептелген салықтардың, өсімпұлдар мен айыппұлдардың жалпы сомасы шамамен 100 млрд теңгені құрайды (Қазақмыс – 42 млрд, Қазминералз – 58 млрд). Капиталды шығаруға қарсы іс-қимыл бойынша бұрын қабылданған түзетулерге қосымша ЭЫДҰ сарапшылары «Трансферттік баға белгілеу туралы» Заңға түзетулер әзірледі және қолдау тапты. Қазіргі уақытта заң жобасы мемлекеттік органдарда келісілуде», деді сөзін түйінедеген ол.
Cымбат Молдатай