Қазақстанда жұмыртқа, құс еті мен май қымбаттауы мүмкін
Кәсіпкерлер құс етіне арналған ақуызы жоғары азық тапшылығына шағымданып жатыр

Жем тапшылығына байланысты Қазақстанда жұмыртқа, құс еті және май тағы қымбаттауы мүмкін. Қазақстандық кәсіпкерлер құс етіне арналған ақуызы жоғары азық тапшылығына шағымданып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Otyrar.kz-ке сілтеме жасап.
Мәселе жем тасымалдауға арналған вагондардың жетіспеушілігімен байланысты болып отыр. Жоспарланған тасымалдау жұмыстары тиісті мерзімінде орындалмайды. Қазақстан құс өсірушілер Одағында вагондардың көбі шетелге жөнелтілетіні айтылады, алайда сұраныс бойынша ең алдымен ішкі нарық қамтамасыз етілуі тиіс.
Қазақстан құс өсірушілер Одағының президенті Руслан Шәріповтың айтуынша, қазақстандық 58 құс фабрикаларының 10-ы банкротқа ұшырап, өз кәсіпорындарын сатуға шығарды. Себебі өндіріс ошақтары шығынға ұшырады, әсіресе шетелдік валютамен алынатын дәрумендер, минералдар, техникалардың бағалары біршама қамбаттаған.
Ендігі кезекте құстарға арналған ақуызы жоғары жемді жеткізу мәселесі туындады. Құс өсірушілер Одағында жем тасымалдайтын вагондардың басым бөлігі шетелге жіберілетіндіктен ішкі нарықта қиындықтар туындағанын айтуда.
«Трейдерлер өнімдерді республикадан тыс жерлерге жөнелтеді және осылайша олар өндірушілерді, яғни Қазақстандағы тұтынушыларды тығырққа тіреп жатыр. Астық Одағы да қауқарсыз, олар біздің өтінімдерімізді қабылдады, біз ақшасын төледік, алайда олар астықты жібере алмай отыр», — дейді Қазақстан құс өсірушілер Одағының президенті Руслан Шәріпов.
Сарапшылардың айтуынша, рациондағы микроэлементтердің жетіспеушілігі құстарға ауыр соғады. Салдарынан ет сапасы төмендеуі мүмкін, жұмыртқа саны да азаяды. Оларды қалпына келтіру бірнеше айға созылуы мүмкін, кәсіпорындар шығынға батса, өнім бағасы өсетіні анық.
Жұмыртқа бағасы өндірушіге байланысты өзгереді. Бірақ көп ұзамай бұл өнім 10-20% қымбаттауы мүмкін.
Май өндірушілерде де осындай қиындықтар бар. Мұнда да тасымалдауға арналған вагондар жетіспейді. Әңгіме бөтелкедегі күнбағыс майын тасымалдауға арналған люкпен қамтамасыз етілген 310 жабық және люксіз 55 жабық вагондар жайында. Бұл қиындықтар өндірістің төмендеуіне немесе осы әлеуметтік маңызды тауардың өндірістік қуаттылығының тоқтауына әкелуі мүмкін.
Өз кезегінде «Қазтеміртранс» олардың вагондарына деген сұраныстың артуын тасымалдау тарифтерінің бәсекелестерге қарағанда арзан болуымен байланысты екенін айтуда. Сондықтан да компанияда вагондар тапшылығы байқалады.
«Азық-түлік тасымалдауға жарамды барлық вагондар ұнтақталған өнімдерді тасымалдау үшін солтүстік аймақтарға жіберілді. Астық пен май өнімдерін жөнелтушілер люктері бар жабық вагондарды қажет етеді. Мұндай вагондар «Қазтеміртранста» 500 бірліктен аз және олар бүкіл Қазақстан бойынша бар», — деп хабарлайды "Қазтеміртранс" АҚ баспасөз қызметі.
Қауымдастық өкілдерінің айтуынша, басқа тасымалдаушылар өз тарифтерінің құнын қымбаттатқан, сәйкесінше өнім бағасының да өсуі әбден мүмкін.