2019 жылы аталған палатаға шымкенттік бизнес өкілдерінен 221 шағым келіп түсіпті
Шымкентте «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасына шағымданған жергілікті кәсіпкерлердің тең жартысының проблемасы сол күйі шешілмеген. Бұл туралы Палатаның өкілі Данияр Мұсаұлы мәлімдеді.
Оның айтуынша, 2019 жылы кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің 8 отырысы өтіп, жүйелі мәселелер қаралған. Әкімшілік кедергілерді азайту саласында палата тарапынан жергілікті және республикалық деңгейдегі маңызы бар жүйелі проблемалар зерделеніп, арнайы тізімі жасалыпты. Бүгінде ол тізім «Атамекеннің» ресми сайтында жарияланған. Яғни кәсіпкер өзі көтерген проблеманың қаралу барысын сайт арқылы қадағалап отыруға мүмкіндігі бар.
Сонымен қатар, өткен жылы жергілікті кәсіпкерлер 1 млрд теңгеге жуық қаражатқа шығындала жаздапты. Мәселеге «Атамекен» араласқаннан кейін ол оң шешімін тапқан көрінеді.
«2019 жылы бизнесті қорғау бойынша «Атамекенге» 221 өтініш келіп түскен. Оның 193 қаралып, 75 шағым оң шешімін алды. Яғни, пайызға шаққанда бізге арызданған азаматтардың 39 пайызы оң шешімін алған. Барлығы 854 миллион теңгеге бизнесмендердің мүддесі қорғалған болатын. Оның ішінде заңсыз қойылған айыппұлдар соммасы бар және негізсіз төленбей қалған қаржылық қолдаулар бар. Яғни субсидия, инвест субсидия және басқалары да бар», - деді ол.
Қолданыстағы заңнамаларға сәйкес, бүгінде Ұлттық кәсіпкерлер палатасы нормативтік құқықтық актілердің міндетті сараптамасын жүзеге асырады. Осы орайда, былтыр палатаға Шымкент қаласы әкімдігі және мәслихатының 63 нормативті құқықтық актілерінің жобалары келіп түскен. Оның 45-не сараптамалық қорытынды беріліп, 18 жоба қайта пысықтауға қайтарылған. Тағы 14 жоба бойынша ұсынымдар мен қортындылар беріліпті.
Бүгінде елдегі кәсіпкерлікті жан-жақты қорғауды қамтамасыз ету мақсатында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі де бизнес пен инвесторларға көмек қолын созып отыр. Арнайы жоба аясында республика бойынша 12 триллионға 412 бизнес жоба сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеуге алынып отыр.
«Ал, Шымкент қаласы бойынша жалпы сомасы 55 миллиард теңгеге 26-ға жуық жобаны сүйемелдеуді жүзеге асырудамыз. Жобаның ерекшелігі инвесторлардың шенеуніктер тарапынан кез-келген бюрократиялық және сыбайлас жемқоролық, қол сұғушылықтан 100 пайыз қорғау, кепілдік беру болып табылады. Бизнес пен инвестицияға қарсы кез-келген заңсыз іс-әрекет кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыруға кедергі ретінде қабылданатын болады. Соңғы 3 жылда өңірде 50-ге жуық кәсіпкердің құқығын қорғадық және бұл жұмыс одан әріде жалғасады», - дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласындағы департамент басшысы Асхат Жұмағали.
Осы жоба аясында аталған департамент өкілдері жергілікті кәсіпкерлермен, инвесторлармен тығыз байланыс орнатып, ынтымақтастықта жұмыс істеуді көздейді. Себебі, бизнес өкілдерімен тікелей қарым-қатынас жасау арқылы Шымкенттегі кәсіпкерліктің дамуына кедергі келтіретін проблемалық учаскелерді анықтауға мүмкіндік бар.
Айта кету керек, былтыр Шымкент қаласының экономикасына 194 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылған. Яғни, 2018 жылмен салыстырғанда инвестиция көлемі 3 пайызға артқан. Қазірде қала аумағында 15 инвестициялық ірі жобалар жүзеге асырылып жатыр. Шетелдік компаниялардың қастысуымен іске асырылып жатқан бизнес жобалардың құны 2 жарым миллиард долларды құрайды екен.
Шымкентте бүгінде «Оңтүстік» және «Тассай» индустриялды аймақтары жұмыс істеп тұр. Онда қазір 121 кәсіпкерлік нысаны болса, 6 жарым мың адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Индустриялды аймақтардың толуына байланысты шаһар аумағынан үшінші индустриялды аймақты ашу жоспарланып отыр. «Жұлдыз» деп ататалатын индустриялды аймақтың көлемі 306 гектар жерді алмақ. Шымкентте мұнан өзге, агроиндустриялды аймақ та құрылады.136 гектар жерге орналасатын аймақта арнайы қоймалар мен ауылшаруашылығы өнімдерін өндіретін өндіріс орындары ашылады деп күтіліп отыр. Сондай-ақ, қазіргі таңда Шымкентте көліктік логистикалық аймақ жұмыс істеуде. Онда 6 жоба жүзеге асырылып жатыр. Қазірде оның екеуі жұмысын бастап кеткен.
Бір сөзбен айтқанда, Шымкент инвесторлар үшін қолайлы қалаға айналып келеді. Шаһарда кәсіп ашуға ниетті жандар Kazakh Invest Ұлттық компаниясының өңірлік кеңсесіне жүгіне алады. Біз бір терезе қағидасымен жұмыс істейтін Инвесторларға виза ашып беруден бастап, заңды тұлғаны тіркеу, түрлі рұқсат қағаздарын алу, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру секілді түрлі қолдаулар көрсете алады. Тіпті, кәсібіңізге мемлекеттік мекемелер тарапынан тексерістер болғанда да заңдылықтарды бақылауда ұстайды.
Арай Есенбек, Шымкент