Елімізде бір жылда такси қызметі қаншалықты қымбаттады

Автор: Azattyq Rýhy

Өңірлік тұрғыда Жетісу өңірінің тұрғындары бағаның қатты қымбаттағанын сезінген

Фото: ашық дереккөзден

Қазақстанда 1 шақырымға такси қызметінің құны 0,32 АҚШ долларын құрады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Ranking.kz-ке сілтеме жасап.

Қазақстан такси қызметінің арзандығы бойынша 105 елдің ішінде 12-орында тұр. ТМД елдерінің ішінде такси қызметі Қазақстанға қарағанда Әзербайжан мен Ресейде қымбаттырақ болса, Беларусь, Өзбекстан, Молдова, Украина мен Арменияда арзан болып отыр.

Биылғы қаңтар-тамыз айларында Қазақстанда такси қызметін ұсынатын компаниялардың кірісі 3 млрд теңгеге жеткен.

Саладағы ең жоғары көрсеткіш Қарағанды облысында (1,3 млрд теңге) тіркелді.

Үздік үштікке сондай-ақ, Астана мен Алматы қалалары кірді. Ең аз кіріс Шығыс Қазақстан облысындағы такси компанияларында байқалды.

Жыл басынан бері 1,4 млрд жолаушы такси қызметін пайдаланды, бұл былтырғыдан 6,1%-ға артық. Жолаушылар айналымы бір жылмен салыстырғанда 8,7%-ға өскен.

Биылғы тамыз айының қорытындысы бойынша бір жыл ішінде такси құны 9 пайызға қымбаттаған.

Өңірлік тұрғыда Жетісу өңірінің тұрғындары бағаның қатты қымбаттағанын сезінген. Бір жылда такси құны 37,7%-ға өскен. Алматы және Абай облыстарында такси бағасы 28,1% және 21,2%-ға өскен.

Ең аз жылдық баға өсімі Ақмола облысында тіркелді. Тағы төрт облыста – Ақтөбе, Қарағанды, Ұлытау және Түркістанда баға бір жыл бұрынғы деңгейде қалды.