$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
14.02.2020, 10:12
Экономика

Шымкенттік кәсіпкерлер салық төлемеудің жолдарын жақсы меңгеріп алған – МКД

Прокурорлар былтыр 6,5 млрд теңге салықтан жалтару деректерін анықтаған

Шымкенттік кәсіпкерлер салық төлемеудің жолдарын жақсы меңгеріп алған – МКД

Алдыңғы жылы республикалық маңызы бар үшінші қала мәртебесін алған Шымкенттің 2020 жылғы бюджеті 100 миллиард теңгеге ұлғайып отыр. Бұл қаражат шаһарға республикалық бюджеттен бөлінген. Яғни, Шымкент Нұр-Сұлтаннан жылда қол жайып, дотация сұрайтын өңірлердің қатарында.

Қала халқы миллионнан асып, аймақта кәсіпкерлік жылдан жылға дамып келеді. Мұны әкімдердің есебінен оңай аңғаруға болады. Ендеше, қала бюджеті неліктен республика бюджетіне тәуелді? Бұл сауалдың жауабын шымкенттік прокурорлар көлеңкелі экономикамен байланыстырып отыр.

Қалада расымен де ірі бизнес нысандары мен кәсіпкерлер саны жылдан жылға артып келеді. Дегенмен, олардың арасында салықтан жалтарып, бюджетті миллиардтаған түсімнен айыратындары әлі де азаймай отыр. Прокуратураның мәліметінше, алпауыт компаниялардың өзінде құжатты қолдан жасау арқылы салық төлемеу секілді заңсыздықтар жиі кездеседі екен.

Мәселен, былтыр Шымкентте онкологиялық аурумен ауыратын науқастың атынан алаяқ кәсіпкерлер 13 компания ашқаны мәлім болды. Сот бұл компаниялардың тіркеуі мен келісімшарттарын жарамсыз деп тауыпты. Бұл туралы Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы Махаббат Мұздыбаева айтты.

«Шымкентте онкологиялық ауыруы бар азаматтың атына 13 ЖШС тіркеген. Ол науқастың кәсіпкерлікпен айналысуға ниеті де болмаған. Бұл салықтан жалтару үшін ғана ашылған біркүндік компаниялар. Біз азаматтық іс бойынша сондай заңды тұлғаларды тіркеуді заңға қайшы тіркелуін жарамсыз деп тану, сол заңды тұлғамен түзілген келісімшарттарды жарасыз деп тану жөнінде талап-арызды қарап, қанағаттандырдық», - деді Махаббат Амангелдіқызы.

Судьялардың айтуынша, салықтан жалтару деректері Шымкентте өте көп кездеседі екен. 2019 жылы сотқа келіп түсетін азаматтық істердің 30 пайызын дәл осындай оқиғалар құраған. Ал, Шымкент қаласының прокурорлары болса 2019 жылы атқарған жұмыстары жайлы журналистер алдында есеп бере отырып, өткен жылы 6 жарым миллиард теңге салықтан жалтармақ болған кәсіпкерлерді анықтағанын хабарлады. Құзырлы орган сондай-ақ, жалған құжат жасайтын бүркүндік 31 компанияны әшкерелеп, іс қозғаған.

Мамандардың айтуынша, шымкенттіктер салықты төлемеудің және аз төлеудің жолдарын өте жақсы меңгеріп алған. Тіпті, бұл әрекеттерін заңды еш бұзбастан жүзеге асыра береді екен. Мәселен, Шымкенттегі кей мейрамханалар мен тойханалардың құны, мемлекеттік бағдарламамен салынатын әлеуметтік үйлерден де арзан болып шықты. Неге дейсіз бе? Пысықай кәсіпкерлер ел қазынасына қомақты салық төлемес үшін салық органдарына ғимараттың құнын өте төмен бағада тіркеген. Мұны Шымкент қаласы бойынша Кірістер департаментінің басшысы Нұралхан Көшеров айтып отыр. Ол тіпті, сол мейрамхана мен тойханалардың атын атап, айтса адам сенгісіз бағаларды да көрсетіп берді.

«Мәселен, «Оңтүстік» деген тойхана бар. Меншік иесі Қамбаров деген кәсіпкер. Бағалау құнын 358 миллион теңге дер көрсеткен. Сонда бір шаршы метрі 43 мың теңгені құрап отыр. Өзі коммерциялық нысан. Өздеріңіз білесіздер, қазір мемлекеттік бағдарламалармен салынып жатқан әлеуметтік үйлердің 1 шаршы метрі 165 мың теңге болады. Ал, мұнда коммерциялық нысан бола тұра, 43 мың теңге болады. Бұл дұрыс па? Дұрыс емес. Осылармен жұмыс істеп, қазір олар қайта бағалау құнын жүргізіп, 1 шаршы метрін 282 мың теңгеге дейін көтерді. Сонда бағалау құны бойынша тойхананың жалпы құны 1 миллиард 305 миллион теңгені құрап отыр. Осыған ұқсас «Роял роуз» тойханасы 1 шаршы метрін 58 мың теңгеге бағалаған. Біз оны 248 мыңға көтердік», - деді ол.

Бұл тұрғыда салықшылар бағалаушылар палатасы мен меншік иелерін шақырып, түсіндіріп, талдау жұмыстарын жүргізген екен. Тіпті, нысандарға арнайы тексеріспен шығатындарын айтып ескерткен көрінеді. Нәтиже де көп күттірмепті. Сол түсіндірме жұмыстары мен ескертулерден кейін шаһардағы 19 мейрамхана өз бағасын 5 есеге арттырған.

Мұнан өзге, қаладағы 3-4 қабатты дәмхана қожайындары да кәсібін 3-4 жеке азаматтың атына бөліп тіркеп, салықтан қашып отыр екен. Мұны заңдағы кемшілік екенін салықшылардың өздері мойындап отыр. Сондықтан, салық кодексіне өзгеріс пен түзету енгізуге ұсыныс жасағандарын айтты.

Мамандардың сөзінше, Шымкент қаласының бюджеті жылдар бойы миллиардтаған салықтан қағылып келген. Тек соңғы жылдары ғана тексеру күшейіп, қаражат қазынаға қайтарыла бастапты. Енді бұл жұмыстарды соңына дейін жетілдіріп, әрбір кәсіпкердің «таза жұмыс істеуін» қамтамасыз еткенде, Шымкент дотациялық өңірлер қатарынан шығуы әбден мүмкін. Әзірге, қала бюджеті республикалық қазынадан толығып келеді.

Арай Есенбек, Шымкент

Серіктес жаңалықтары