БЖЗҚ 10 млрд теңгеге зейнетақы төлемдерін рәсімдемеген адамдарды іздеп жатыр

Автор: Azattyq Rýhy

Қор  зейнеткерлік жасына толған азаматтарды байланысқа шығуын  сұрап отыр

Зейнеткерлік жасқа толған 174 мың адам зейнетақы төлемдерін алу үшін өтініш бермеген деп хабарлайды Azattyq Rýhy БЖЗҚ сайтына сілтеме жасап.

«Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры зейнетақы төлемдерін дер кезінде рәсімдеу керектігі жайлы  тұрақты хабарлап тұрады. Бірақ соған қарамастан 2020 жылдың 1 қаңтардағы мәліметке сәйкес,  зейнет жасына толған және қорда зейнетақы жинақтары бар  174. 235 адам әлі күнге дейін зейнетақы төлемдерін рәсімдемеген. Осылайша талап етілмеген зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы 10 604 764 131 теңгеге жетті», - делінген хабарламада.

БЖЗҚ  зейнет жасына жеткен азаматтар БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін рәсімдеу үшін жергілікті мекенжайлар бойынша халыққа қызмет көрсету орталығына баруға шақырып отыр. Келушілер өзімен  бірге жеке басты куәландыратын құжаттың көшірмесі мен түпнұсқасын, сондай-ақ банк шоты туралы мәліметерін ұмытпай әкелуі тиіс. Сондай-ақ, БЖЗҚ  банк шотына қор төлемдері мен мемлекеттік зейнетақылар ай сайын бір мезгілде аударылатынын айтады. 

Ал зейнеткерлік жасқа толған азаматтар (ерлер – 63 жас, әйелдер биыл – 59,5 жас), сондай-ақ бірінші және екінші топтағы мүгедектер  белгіленген кесте бойынша қордағы жинағы есебінен зейнетақы төлемдерін алуға құқылы.

«Егер зейнеткер қордан зейнетақы төлемдерін алу үшін мемлекеттік корпорацияға өтініш берген күні, оның шотындағы жинақтарының сомасы ең төменгі зейнетақының 12 еселенген мөлшерінен аспаған жағдайда, бұл сома алушыға бір рет толығымен төленеді. Биыл (2020 жылы) ең төмен зейнетақы көлемі: 38 636 теңге.Сәйкесінше оның 12 еселенген мөлшері: 463 632 теңге. Егер шоттағы ақшаның көлемі бұл сомадан артық болса, зейнетақы төлемдері тек ай сайын беріледі», - делінген қор сайтында.