Оралда үш жыл ішінде 50 жоба жүзеге асырылады

Автор: Azattyq Rýhy

Олардың ең негізгісі – Шолохов көшесінің айналма автокөлік жолын жаңғырту

Орал қалалық мәслихатының кезекті он тоғызыншы сессиясына қала әкімі М.Сатқанов қатысып, онда Орал қаласында Батыс Қазақстан облысы әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2022-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын іске асыру барысы талқыланды.

Жоспарға сәйкес, алдағы үш жыл ішінде жалпы құны 118 млрд. 280 млн. теңге құрайтын 50 жоба жүзеге асырылмақ. Негізгі жобалардың бірі – транзиттік әлеуеті жағынан маңызды Шолохов көшесінің айналма автокөлік жолын жаңғырту. Оның құны 1 млрд. 912 млн. теңге.

«Таяуда осы жолды жөндейтін мердігер анықталады. Ал негізгі жұмыс келесі жылы, ауа райының қолайлы мерзімінде басталады. Жолдың ені 24 метрге дейін кеңейіп, алты жолақтан тұрады және екі жағынан жарық шамдарын орнату қарастырылған», - деді қала әкімінің орынбасары Мирас Мүлкай өз баяндамасында.

Сонымен қатар, құны 46,2 млрд. теңге құрайтын 29 көпқабатты үй (4429 пәтер) салынбақү Оның ішінде 25 үй жаңадан ашылған «Ақжайық» ықшамауданында бой көтереді деп күтілуде. Елеулі қаржы сумен жабдықтау, су бұру жобаларына бағытталады. Бұл салада 12 жоба бекітілген.

Электр желілерін жаңғырту үшін 5 жоба жасақталған. Олардың құны 5 млрд. 288 млн. теңге. Білім беру саласында №18 мектептің құрылысы және студенттер жатақханасының құрылысы жүргізіледі. Сондай-ақ 150 орындық реабилитация орталығы салынады.  

Сессияда депутаттар Орал қаласы бойынша қатты тұрмыстық қалдықтарды жинауға, тасымалдауға, сұрыптауға және көмуге арналған тарифтерді бекіту мәселесін қарап, тарифтерді өсіруді бекітті.

«Жасыратыны жоқ, соңғы кездері жанармай бағасы 30 пайызға өсті. Ал қалдық шығарумен айналысатын «Орал таза сервис» ЖШС-іне техника паркін жаңғырту және жұмысшылардың жалақысын көтеру керек. Сондықтан, тарифтерді өсіру қажеттігі туындап отыр. Біз көпқабатты үйлердің тұрғындары үшін тарифті 442 теңге, жеке секторға 451 теңге деп белгілеуді ұсынамыз», -деді қалалық ТҮКШ, ЖК және АЖ бөлімінің басшысы Ж.Дүйсенғалиев.

Сессияда 2022 жылға арналған Орал қаласындағы кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға арналған шығыстардың ең төмен мөлшерін бекіту туралы, Орал қаласы бойынша шетелдіктер үшін 2022 жылға арналған туристік жарна мөлшерлемелерін бекіту туралы мәселелер қаралып, тисті шешімдер алынды.