Алтынның саудасы Алматы, Астана, Атырау қалаларында қызып тұр: бір айда 2300-ден астам алтын құймасы сатылған

Автор: Әйгерім Ердәулет

Халыққа тазартылған алтын құймаларды сату және сатып алу бағдарламасын Ұлттық Банк 2017 жылы іске қосқан

Фото: ашық дереккөзден

Осы жылдың тамыз айында екінші деңгейлі банктер мен айырбастау пунктерінде жалпы салмағы 68,6 келі 2 395 алтын құйма сатылды. Ал шілдеде 97 келіден астам құйма сатылған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

ҚР Ұлттық банкі таратқан мәліметке сәйкес, алтын құймалар бес түрлі салмақта ұсынылады: 5, 10, 20, 50 және 100 г. Сатып алушылар арасында ең көп сұранысқа ие түрі – 10 грамдық алтын құйма. Жалпы сатылған құймалар арасында оның үлесі – 26%, яғни, 26 078 дана. Одан кейін 20 грамдық  құйма сұранысқа ие – 21 823 дана (21%) сатылған, 5 грамдық құймадан – 21 732 дана (21%), 100 грамдық құймадан – 20 177 дана (20%), 50 грамдық құймадан – 12 036 дана (12%) сатылды. 

Алтын құймалар Алматы, Астана және Атырау қалаларында көп сатылады.

Халыққа тазартылған алтын құймаларды сату және сатып алу бағдарламасын Ұлттық Банк 2017 жылы іске қосқан. Бағдарлама қолға алынғалы жалпы салмағы 3,4 тоннаға жуық 101 846 алтын құйма сатылды. 
Бағдарлама  басталғалы бері екінші деңгейлі банктер мен банктік емес жекелеген пунктер жалпы салмағы 395 келі 15 897 алтын құйманы кері сатып алған. Бұл – жалпы сатылған алтын құймалардың 15,6%-ы. Олар кері сатып алған алтын құймалардың барлығы дерлік Ұлттық Банктің филиалдары арқылы халыққа сатылады.

Алтын құймалар сенімді инвестиция құралы бола алады. Алтын құймалар нарығындағы өтімділіктің басты кепілі – банк пен банктік емес айырбастау пунктері клиентке ақшаны бірден төлей отырып, алтын құймаларды кері сатып ала алады.