Ең көп салық төлеген ТОП-30 компания: мұнай мен темекі өндірісі көш басында

Автор: Azattyq Rýhy

Бюджетке түсетін алымдардың тең жартысын ең ірі 30  компания қамтамасыз етеді

БІР ЖЫЛДА ҚАЗЫНАҒА ҚАНША САЛЫҚ ТҮСТІ

Kursiv Research жыл сайынғы салық төлеушілердің рейтингісін жария етті. Алғашқы «отыздық» 2019 жылы Қазақстан бюджетіне 5,1 трлн теңге қаражат құйған. Бұл мемлекеттік қазынаға салықтық алымдар есебінен келетін барлық сомманың 50%-ы.

«ҚР Қаржы министрлігі мемлекеттік кіріс комитетінің мәліметі бойынша 2019 жылы республикалық бюджеттің салық есебінен түсімдері 9,69 трлн теңге болған. Оның алдындағы жылмен салыстырғанда қаржы көлемі  18,3%-ға көбейіп, 1,5 трлн теңге артық түсім тіркелген. Қазақстандағы ең ірі деген 300 компанияның бюджетке салық ретінде құятын жылдық қаражаты 7,25 трлн теңге. Олар  2018 жылға қарағанда 45 млрд теңге артық төлем жасаған»,- деп жазады Курсив.

Ел бюджетіне аударылған салықтың негізгі көлемі әдеттегідей мұнай-газ нарығындағы ірі өндірушілер еншісінде. Мұндай компаниялар «отыздықтың» алғашқы 18 орынын иеленген. Өткен жылы газ-мұнай секторындағы өндірістің көлемі 4,32 трлн теңге болса, ның алдындағы жылмен салыстырғанда айтарлықтай өзгеріс байқалмапты. Бұл сол кездегі мұнай нарығындағы бағаның құбылмалығынан болуы мүмкін.

ТЕМЕКІ ӨНДІРІСІ ЕКІНШІ ОРЫНДА

Салық төлеушілер арасындағы мұнайшылардан кейінгі орынды темекі өндірушілер иеленген. Жыл сайын негізгі екі ірі табак өндірушінің қатарына былтыр тағы да бір компания қосылған. Ол үшеуі бірігіп республикалық бюджеттің 4,7%-ын (238,44 млрд теңге) жапқан.

Металлургия саласындағы ірі ойыншылар да доңыз жылы ортақ қазынаға қомақты қаражат төлеген. Бұл сектордан өткен жылы 218,6 млрд теңге (4,3%) алым алынды. Жоғарыда айтылған топ-30 компанияның біразы осы салаға тиеселі екенін айта кету керек.

«Алғашқы ондықтың ішіндегі 8 компания мұнай өндірумен айналысады. Тиісінше ел бюджетіне салық төлейтін алғашқы үш компания да «қара алтын» өндірісі саласында. Олардың алғашқысы- «Теңізшевройл» ЖШС (1,94 трлн теңге), екіншісі - «Карашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» (616,96 млрд теңге), ал үшінші орында «Маңғыстаумұнайгаз»  АҚ (366,28 млрд теңге). Аталған компаниялардың салықтық төлемдері алдыңғы жылмен салыстырғанда бірнеше есе қысқарған»,- делінген зерттеуде.

Қазақстанда мұнай өндіру мен газконденсат алу көлемі 2019 жылы 90,5 млн тонна болса, оның ішінде «Теңізшевройл» ЖШС  29,79 млн тонна  көмірсутегін жер қойнауынан алған. «Карашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» - 11,27 млн тонна, ал «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.» – 14,1 млн тонна шикізат өндірген. Соңғысы 2019 жылы салық төлеушілердің алғашқы отыздығында 13-ші орынға жайғасқан. Компания  бюджетке 88,36 млрд теңге қаражат төлеген. Ол Қашаған кенішіндегі мұнайдың 16,88%-ын өндіреді.

ҚТЖ МЕН ҚАЗАҚТЕЛЕКОМ НЕШІНШІ ОРЫНДА?

Ел қазынасына қаражат төлеу рейтингісінде төртінші және бесінші орындарға  «Ембімұнайгаз» АҚ мен «Өзенмұнайгаз» АҚ («Қазмұнайгаз» еншілесі- автор) тұрақтаған. Бұл екеуі  194,88 және 177,44 млрд теңге салық төлеген. Айта кету керек, «Ембімұнайгаз» АҚ өткен жылы өз позициясын 33,7%-ға жақсартып, салық түсімдерін көбейтуге мүмкіндік алған.

«Ал алтыншы және сегізінші орын аралығын Қытайдың қатысуымен мұнай өндіретін кәсіпорындар иеленген. Олар  «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ және « «ҚазГермұнай БК» АҚ мен «Қаражамбасмұнай» АҚ. Бұл үшеуі де шыығстағы көрші мемлекеттің трансұлттық компанияларына тиеселі»,- делінген зерттеуде.

Тоғызыншы орында  «Қазцинк» (106 млрд теңге), оныншы орында  темекі өндіруші «Джей Ти Ай Қазақстан» ЖШС ( 101 млрд теңге), он бірінші орында «Филип Моррис Қазақстан» компаниясы (95 млрд теңге) тұр.  

Одан кейінгі орынды «Қазмұнайгаз» ұлтық компаниясы 31,53 млрд теңге салық түсімімен жалғастырса,  «Би Джи Карашығанақ Лимитед» , «Аджип Қарашығанақ Б.В.»,  «Шеврон Интернэшнл Петролеум Компани», «Каспий нефть» «Қазхром», Евразиялық топ (ERG), «KAZ Minerals Aktogay», «Соколов –Сарыбай тау кен өндірістік бірлестігі», «Altyntau Kokshetau» АҚ, «Қазақстан темір жолы» АҚ, «Қазақмыс», «Матен Петролеум»,  «Петро Қазақстан» сияқты гиганттар республикалық бюджетке көп мөлшерде қаражат құю жөнінен көш бастап келеді.

«Ал жоғарыдағы «отыздықтың» соңғы үштігін «Қазақтелеком» АҚ (43,31 млрд), «Нельсон Петролеум Бузачи Б.В.» мұнай компаниясы (43,24 млрд),  «Бритиш Американ Тобакко ҚазаҚстан Трейдинг» (41,35 млрд) темекі өндіруші кәсіпорны түйіндеген»,- деп тарқатады портал.

Azattyq Rýhy жоғарыдағы материалда айтылған көрсеткіштер ақпараттық сипатқа ие екендігін ескертеді. Олар қандайда бір бағалы қағаздар нарығында немесе өзге де активтер бойынша  келісім-шарттар жасауға негіз болмайтынына оқырман назарын аударады. 

Ришат Асқарбекұлы, Алматы