Үкімет басшысы баға үстемесінің 15% мөлшерінде болуын ерекше бақылауда ұстауды тапсырды
Әлихан Смайылов әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына баға үстемесінің 15% мөлшерінде болуын бақылауда ұстауды тапсырды

Қаңтар-шілде айларында Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 3,3%-ті құрады. Өңірлер арасында ең жоғарғы көрсеткіш Шымкент және Алматы қалаларында, сондай-ақ Алматы және Жетісу облыстарында белгіленді. Төмендеу Ұлытау, Абай, Атырау және Қарағанды облыстарында тіркелді. Бұл туралы бүгінгі Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров мәлімдеді.
«Осы жылғы қаңтар-маусымда сыртқы сауда тауар айналымы 39,4%-ке өсіп, 63,7 млрд АҚШ долларын құрады. Оның ішінде экспорт бойынша көрсеткіш 56,3%-ке өсіп, 42,2 млрд АҚШ долларына дейін жетті. Бұл ретте өңделген тауарлар экспорты 33,5%-ке артып, 12 млрд АҚШ долларына дейін жетті. Тауарлар импорты 21,5 млрд долларды құрады», -деді министр.
Ал өңдеу өнеркәсібі бойынша осы жылдың қаңтар-шілде айларында Жетісу, Павлодар және Түркістан облыстарында төмендеу байқалады. Құрылыс саласында Маңғыстау, Абай және Жетісу облыстары өзге өңірлерге қарағанда артта қалып отыр.
«Биыл қаңтар-шілдеде 7,7 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңінен 0,8%-ке төмен болып отыр. Оң өсу 14 өңір бойынша тіркелді. Ең жоғары көрсеткіштер Түркістан, Павлодар және Қостанай облыстарында, сондай-ақ Шымкент қаласында байқалуда», - деді Қуантыров.
Министрдің сөзіне сенсек, ауыл шаруашылығының жалпы шығарылымы 2,1%-ке ұлғайды. Саладағы өндірістің оң өсуі 16 өңірде тіркелді. Ең жоғарғы өсуді Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстары көрсетті. Төмендеу тек Қостанай облысында байқалды.
«Барлық көрсеткіштер бойынша оң өсу 3 өңірде – Шымкент қаласы, сондай-ақ Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстарында байқалуда. 6 көрсеткіш бойынша оң өсуді 8 өңір көрсетті. Олар Алматы және Нұр-Сұлтан қалалары, сондай-ақ Алматы, Қызылорда, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Ақмола және Ақтөбе облыстары», - деді ведомство басшысы.
Сонымен қатар Үкімет отырысында баяндама жасаған Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев бюджеттің кірістерін нақтылады.
«Мемлекеттік бюджетке 8 трлн 463 млрд теңге сомасында (трансферттерді есепке алмағанда) кірістер түсті немесе жоспар 105,1%-ке орындалды. Республикалық бюджетке 5,6 трлн теңге шамасында кірістер (трансферттерді есепке алмағанда) түсті немесе жоспар 101,3%-ке орындалды. Жергілікті бюджеттердің кірістері 113,3%-ке атқарылды және 2 трлн 864 млрд теңгені құрады. Кірістер бойынша жоспарлар Түркістан және Маңғыстау облыстарынан басқа, барлық өңірлерде асыра орындалды», - деді Жамаубаев.
Ал мемлекеттік бюджеттің шығыстары 98,7%-ке, республикалық бюджеттің шығыстары – 99,6%-ке, жергілікті бюджеттердің шығыстары 98%-ке атқарылды.
«Республикалық бюджет бойынша 10 трлн теңге сомасына шығыстар жүргізілді. Атқарылмау 41 млрд теңгені құрады, оның ішінде 10 млрд теңге – үнемдеу. Игерілмегені – 31 млрд теңге. Игерілмеудің неғұрлым ірі сомалары білім және ғылым, ішкi iстер, қаржы және төтенше жағдайлар министрліктерінде қалыптасты», - деді Қаржы министрі.
Өз кезегінде Үкімет басшысы Әлихан Смайылов шілде айының қорытындысы бойынша елдегі жылдық инфляция 15%-ті құрағанын мәлімдеді.
«Өткен аптада монополияға қарсы агенттікке қанттың қымбаттауы мен тапшылығына қатысы болуы мүмкін компания қызметін тексеруге тапсырма бердім. Бұл проблеманың көтерілгеніне біраз болды. Сондықтан, мұндай жағдайды жауапты органдар ертерек анықтап, алдын-алу керек. Инфляцияны тежеу үшін қажетті құралдар бар. Мемлекеттік органдар мен әкімдіктер оларды тиімді пайдалануы тиіс», - деді Премьер-министр.
Сондай-ақ, Әлихан Смайылов өңірлердегі делдалдық схемаларды тексеру жөніндегі комиссиялардың жұмысын жандандырып, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына баға үстемесінің 15% мөлшерінде болуын ерекше бақылауда ұстауды тапсырды.