Ұлттық қордың активтер көлемі өткен айда 2 млрд АҚШ долларына азайған

Автор: Azattyq Rýhy

Биылғы маусымда трансферттер көлемі 578 млрд теңгені құрады

Фото: inform.kz

Маусым айының қорытындысы бойынша Ұлттық қордың валюталық активтерінің көлемі өткен айда 2 млрд АҚШ долларына төмендеп, 51,9 млрд АҚШ долларын құрады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

ҚР Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекованың айтуынша, Ұлттық қор активтерінің төмендеуі акциялар бағасының айтарлықтай құлдырауына және АҚШ долларының нығаюына байланысты болған. Сондай-ақ Ұлттық қордың төмендеуіне Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферттер бөлу де әсер еткен.

«Биылғы маусымда трансферттер көлемі 578 млрд теңгені құрады. Трансферттердің едәуір бөлігі Ұлттық қордың теңгедегі шотындағы қалдықтар, сондай-ақ қорға теңгедегі түсімдер есебінен бөлінді. Сонымен қатар, ішкі валюта нарығында 438 млн АҚШ долларына активтер сатылды, бұл – 199 млрд теңгеге балама сома. Ұлттық қордан сату үлесі Қазақстан қор биржасындағы валюталық сауда-саттықтың жалпы көлемінің 20,7%-ын құрады», - деді Әлия Молдабекова.

Инфляцияның жеделдеуімен күресте орталық банктер соңғы 20 жылда мөлшерлемелерді ауқымды көтеруге көшкен.

«Жоғары геосаяси тәуекелдер мен ФРЖ-ның инфляцияны төмендету үшін барынша агрессивті әрекет етуге дайын екендігін мәлімдеуі аясында өткен айдың қорытындысы бойынша акциялар нарығының айтарлықтай төмендеуі байқалады. Бұл ретте Ұлттық қордың ұзақ мерзімді кірістілігі құрылғаннан бастап жылдық мәнде 3,05% болды», - деді Ә. Молдабекова.