Былтыр 31 мың қазақстандық қаржы пирамидасының қақпанына түскен
Қазақстанда 154 күмәнді компания бар. ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметіше, олардың ешқайсысында Қазақстан аумағында жұмыс істеуге болатын лицензиясы жоқ. Бұл тізімге жосықсыз қызмет белгілері бар қаржы ұйымары кіреді. Сондай-ақ жалған брокерлік-дилерлік компаниялар да бар, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Қазақстанның қаржы нарығында жұмыс істеуге рұқсат беретін лицензиясы жоқ компаниялардың барлығын Қаржы пирамидасы деуге келе ме?» деген сауалға экономист Мақсат Халық былай деп жауап берді:
«Бұлардың бәрін біз қаржы пирамидасы деп айта алмаймыз. Оларды үшке бөліп қарастыруға болады. Біріншісі – бұлар шын мәнінде қаржы пирамидалары, екіншісі – қаржылық алаяқтар, үшіншісі – заңды түрде жұмыс істеуге үмітті, бірақ қандай да бір себептермен ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің лиценциясын алып үлгермеген компаниялар. Лиценциясы жоқ компанияларға мүлдем жоламаған жөн. Кейбір компаниялар лицензияның орнына компанияның тіркелгенін айғақтайтын куәлікті көрсете салады», - дейді экономист.
Ал Президенттің «Халықтық IPO» өткізуді қолдаймын деген сөзінен кейін, бағдарлама нақты іске қосылмай жатып, әлеуметтік желілерде жарнаманың өріп жүргенін байқау қиын емес.
Azattyq Ruhy редакциясына оқырмандар хабарласып, «ҚазМұнайГаз» компаниясының атынан жарияланып жатқан жарнаманың жалған не рас екенін анықтап беруді сұрап жатады. Яғни азаматтарды «ұлттық компанияға 70 мың теңге салып, 3 мың доллардан бастап табыс таба аламыз ба?» деген сұрақ мазалайды.
Осы ретте, екі ойлы болып жүргендерге ұлттық компания тарапы былай деп жауап қатты.
«Қазіргі уақытта алаяқтардың Қазақстан азаматтарын «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясына қаржы салуға шақырып, арнайы сайт, мобильді қосымша құрып, әлеуметтік желілерде парақшалар ашып, жалған ақпарат тарату жағдайлары жиілеп кетті. Халықты мұнай мен газ сатып, мол пайдаға кенелуге шақыруда. «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы Қазақстан азаматтарының қаржысын ешқандай инвестициялық жобаларға тартуға шақырмағанын мәлімдейді. Таратылып жатқан жалған жарнамалық хабарландыруға сенбеңіздер», - деді «ҚазМұнайГаз» ҰК баспасөз қызметі.
Сарапшы Мақсат Халық та халықтық IPO бағдарламасы іске қосылғанда жарнаманың әлі саңырауқұлақша қаптайтынын ескертті.
«Халықтық IPO туралы Президент тапсырма берді, қазір жобалар пысықталып жатыр. Қазірдің өзінде Мемлекет басшысының тапсырмасымен осындай қор құрылды деген түрлі жарнамалар әлеуметтік желіде өріп жүр. Яғни, мұның төңірегінде көп алаяқтар жұмыс істеп жатыр. Олар негізі азаматтарға өздері хабарласпайды. Адамдар өздері қызығып іздеп барады. Халықтық IPO жүзеге асып жатса, біз оны ресми түрде ҚР Ұлттық банкі, Қазақстан қор биржасының сайтынан біле аламыз. Сол кезде ғана акцияларды сатып алуға асығуға болады. Ал дәл қазір халық телефон қоңырауларынан сақ болуы керек. Осы ретте, қазақ тілі алаяқтардан құтқаруға өз септігін тигізеді. Өйткені, алаяқтардың көбі орыс тілінде сөйлейді, қазақша сұрақ қойсаңыз жауап бере алмайды, көмекке ешкімді шақыра да алмайды. Ондайлармен әңгімені қысқа қайыру керек. Ұзақ сөйлессеңіз, қақпандарына қалай түсіп қалғаныңызды білмей қаласыз», - деді Мақсат Халық.
Айта кетейік, «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ның IPO-сы биылдан қалмай өтетінін жариялаған. Ол акцияларды бастапқы орналастыру AIX және KASE алаңдарында жүргізілетін болады деп бірден айтқан еді.
Еске салайық, былтыр 31 мың қазақстандық қаржы пирамидасының қақпанына түскен. Ел азаматтары күмәнді компанияларға сеніп, бас-аяғы 54 миллиард теңге ақшасын салып жіберген.