Мегаполис басшысы бұл сома бес жылға есептелгенін айтады
«Жаңа Алматы» бағдарламасы бойынша қаланың шеткі аймақтарын дамытуға 800 млрд теңге қажет. Бұл туралы Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев мәлімдеді, - деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі LS ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Қазақстандық қаржы форумында сөз сөйлеген кезде Алматы әкімі бұл соманың бес жылға жоспарланғанын айтты.
«Алматы бюджеті 500 млрд теңгеден асады. Оның көп бөлігі ағымдағы шығындарға, қалалық инфрақұрылым мен әлеуметтік бағдарламаларды қаржыландыруға жұмсалады.100 млрд теңгеден астам қаржы - бұл жаңа нысандарды құру немесе қолданыстағы нысандарды қайта құруға кететін бюджет. Біз «Жаңа Алматы» бағдарламасын әзірледік. Тек осы бағдарламаны жүзеге асыру үшін 5 жылға 800 млрд теңгеге жуық қаражат керек. Бұл бюджеттік және жеке инвестициялар», - деді Сағынтаев.
Сол себепті инвестиция тарту мен бизнестің белсенді дамуы «өте маңызды» деді әкім.
«Бұл қалалық бастамаларды жүзеге асыру және алматылықтардың әл-ауқатын арттыру үшін салықтың өсуін қамтамасыз етеді. Олар өз кезегінде қор жинап, қала экономикасының дамуына инвестиция құя алады. Біз үшін Астана халықаралық қаржы орталығы сынды қалыптасу кезеңінен өткен алаңды пайдалану өте маңызды. Әсіресе инвестициялық даму қорымен ынтымақтастыққа мүдделіміз», - деді Алматы әкімі.
Еске салайық, бұған дейін Сағынтаев «Жаңа Алматы» бағдарламасы бойынша қаланың қалай дамитыны және бұл жобаның қалай жүзеге асырылатыны туралы хабарлаған болатын.