Рубль бағамы 8,4 теңгеге жетті: енді азық-түлік бағасы қымбаттай ма?
Осы аптада Ресейде дефляцияның көрінісі байқалған
Соңғы уақытта рубльдің теңгеге қатысты бағамы айтарлықтай өсті. Қазақстан қор биржасының (KASE) дерегі бойынша күндізгі сауда-саттық қорытындысы бойынша Ресей валютасының орташа бағамы 8,4 теңгені құрады. Бұл ретте, Ұлттық банктің дерегіне сәйкес, Ресей рублінің 21 маусымдағы ресми бағамы – 8,22 теңге, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Көрші ел валютасының нығаюы Қазақстан экономикасы қалай әсер етеді? Осыған қатысты отандық экономистердің пікірін ұсынып отырмыз.
Экономист Мақсат Халық:
Рубль бағамы теңгеге шаққанда 8,3-ке жетті. Бірден айта кетерлігі, негізінен бұл жағдайдың бізге зияны көбірек тиеді. Себебі Ресейден тасымалданатын тауар көлемі жоғары. Әрине рубль өссе, тасымалданатын тауар бағасы да қымбаттайды. Халықтың төлем қабілетіне кері әсер етеді. Азық-түліктен бөлек, Ресейден құрылыс материалдарын алып келеміз. Оның соңы тұрғын үй бағасының қымбаттауына кері әсер етеді. Рубльдің нығаюы Ресей әлі де болса мұнай мен газын шетел валютасында сатып отырғанын көрсетеді. Әлемдегі энергетикалық ресурс бағасының қымбаттауына байланысты көрші елдің экспорт үлесі айтарлықтай артқан. Ал импорт үлесі керісінше азайды. Себебі өзге мемлекеттер Ресейге тауар сатудан бас тартып отыр. Десе де, бұл уақытша құбылыс. Өйткені рубльдің шектен тыс құнды болуы Ресей экономикасы үшін де тиімсіз. Сондықтан валютасын бұрынғы бағамға қайтаруға Ресейдің өзі мүдделі болады.
Рубль бағасының қымбаттауы Ресейге тауар өткізетін кәсіпкерлердің «оң жамбасына келіп» отыр. Олардың көрші елдің кәсіпкерлерімен салыстырғанда бәсекеге қабілеттілігі жоғарырақ болады. Бірақ бізде бұл санаттағы бизнесмендер саны аз.
Федералды резервтер жүйесі ставканы көтергендіктен доллар бағамы өсті. Соған сәйкес доллар әлемдік резервтегі валюталарға қатысты құнын арттырып отыр. Еуропа да ақша-несие саясатының қатаңдатылған жүйесіне көшіп жатыр. Себебі олар соңғы 40 жылда болмаған инфляцияға көшуде. Яғни халықтың өмір сүру сапасы төмендейді. Әлемнің дамыған елдері үшін дәл қазір экономикалық өсуден гөрі, инфляциямен күрес алдыңғы кезектегі мәселеге айналып отыр.
Сарапшы Айбар Олжаев:
Біздегі рубльдің қымбаттауы Ресейдегі ішкі жағдайларға тікелей байланысты болып отыр. Кеше рубль/доллар жұбы 52,8 көрсетіп, 7 жыл бұрынғы максимумына қайта оралды. Яғни 2015 жылғы көрсеткіштеріне қайтып отыр. Осы аптада Ресейде дефляцияның көрінісі байқалған. Дефляция – инфляцияға керісінше құбылысты білдіреді. Бұл алдымен Ресейдің өзіне зиян тигізетін дүние. Оны Ресейдің экономикалық даму министрлігі де айтқан болатын. Тіпті бұл тұжырыммен Ресейдің орталық банкі де келісіп отыр. Ортақ пікір мынадай – Ресей үшін доллардың 70-80 рубль болғаны дұрыс. Мен бұл пікірмен келісемін, дәл осы курс коридоры валюталық нарықтағы дисбаланстарды жоятын еді.
Курсты қалай орнына келтіруге болады? Ресейлік сарапшылар инфляцияны таргеттеуден курсты таргеттеуге көшейік деген ұсыныс айтты. Сонда рубль белгіленген коридордан шығып кетсе, орталық банк монетарлы құралдар арқылы іске араласар еді. Бірақ ол ұсынысты қабылдауға Ресей орталық банкі асығып отырған жоқ. Жалпы егер рубль 70-80 доллар межесінде болса, бізде де оның теңгеге шаққандағы бағамының қымбаттауы тоқтайды.
Қазір көрші елде салық аптасы жүріп жатқандықтан, валюта выручкасын рубльге конвертациялау болып жатыр. Осыдан кейін жағдай тұрақталуы мүмкін. Яғни бізде де 1 теңге 6-7 рубль шамасына түседі деген сенім бар.
Жалпы Ресейдегі бұл жағдай бізге қалай әсер етеді? Идеалды жағдайда, рубльдің айтарлықтай құбылуы, арзан я қымбат болуы біздің экономикамызға, ішкі нарығымызға еш әсер бермеуі керек еді. Бірақ Ресейге біз импортты тәуелдіміз. Одан шығып кету үшін валютасы тұрақты өзге елдермен сауда-саттықты дамытып, логистикалық сауда жолын әртараптандыруға басымдық беру керек. Себебі біздегі импорттағы Ресейдің үлесі 40%-дан асып кетеді. Оның басым бөлігі – халық бірінші кезекте тұтынатын азық-түлік тауарлары. Сонда рубльдің қымбаттауы азық-түлік бағасының артуына алып келеді, ал ол өз кезегінде бірден инфляцияны өсіреді. Яғни рубль қымбаттаған сайын, біздегі азық-түлік бағасы аспандап шыға келеді.
Сонда оны шешудің тек екі бағыты ғана қалып отыр: біріншісі, көрші елдегі импорттық тәуелділікті азайту, екіншісі, рубль бағамының төмендеуі. Бұл ретте, біздегі ауқымды рубль қорын сыртқа шығарып, Ресейге өз валютасын қайтарып беруге барлық жағдай жасау керек. Өйткені, біздің банктерде жұмыс істемейтін рубль қоры күн санап көбейіп келеді. Ол біздің қаржы жүйеміздің тұрақтылығына қауіп төндіре бастайтын уақыт та алыс емес.
Экономист Өмірбек Байгелді:
Біздің теңгенің тағдыры рубльге байланысты болып отыр. Экономикасы бізден әлдеқайда төмен Қырғыз Республикасының сомы өз құнын төмендеткен жоқ. Біздің Үкіметтің жүргізген саясаты мен бағыты теңгені рубльмен қосақтап қойған. Бұл әлі басы ғана деп ойлаймын. Ресей экономикасы құрдымға кетсе, бізді де өзімен бірге ала кетеді. Алдағы айларда рубль құнсызданады. Сол кезде біздің де жағдайымыз қиындамас үшін қазірден бастап әрекет етуіміз керек.