Қазақстанның сыртқы қарызы азайған - Ұлттық банк

Автор: Azattyq Rýhy

Сыртқы қарыздардың басым бөлігі бұрынғыдай фирмааралық берешек бойынша

Фото: arnapress.kz

Қазақстанның сыртқы қарызы 2019 жылдың бірінші жартыжылдығында 467,6 млн АҚШ долларына қысқарды. Бұл туралы Ұлттық банктің баспасөз қызметі хабарлайды.

«2019 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша Қазақстанның сыртқы борышы 158,3 млрд АҚШ доллары немесе ІЖӨ-ге шаққанда 87,7% (жылдың басынан бастап 0,8% жақсару) болды. Сыртқы қарыздардың басым бөлігі бұрынғыдай фирмааралық берешек (63,3%) бойынша, корпоративтік сектордың үлестес емес кредиторлар алдындағы сыртқы борышы 25,1%-ды, мемлекеттік сыртқы борыш 8,0%-ды банк секторының сыртқы міндеттемелері (ЕДБ және «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ - редакция) 3,6%-ды құрайды» - делінген Ұлттық банк хабарламасында.

Мемлекеттің сыртқы борышы мемлекеттік сыртқы қарыздарды өтеумен ішінара теңестірілген тәуелсіз еурооблигациялардың нарықтық құнының өсуі есебінен 323,0 млн АҚШ долларына ұлғайды (12,6 млрд АҚШ доллары).

Банк секторының сыртқы міндеттемелері бейрезиденттер депозиттерінің өсуі және шетел банктерімен спот келісімшарттарының өсуі есебінен 79,9 млн АҚШ долларына қысқарған (5,7 млрд АҚШ доллары).

Корпоративтік сектордың үлестес емес кредиторлар алдындағы сыртқы борышында еш өзгеріс жоқ (99,8 млн АҚШ долларына ұлғайып, 39,7 млрд АҚШ долларын құрады), себебі төлем балансының операциялары (еурооблигацияларды өтеу, сыртқы қарыздарды төлеу) қазақстандық эмитенттердің еурооблигацияларының нарықтық құнының өсуімен теңестірілді.

Фирмааралық берешек 810,6 млн АҚШ долларына азайған (100,2 млрд АҚШ доллары).

Талдамалық мақсаттағы сыртқы борыш бірінші жартыжылдықта 1,7 млрд АҚШ долларына азайған.

Қазақстан Республикасының таза сыртқы борышы 2019 жылғы бірінші жартыжылдықта 806,1 млн АҚШ долларына ұлғайды (47,7 млрд АҚШ доллары). Бұл ретте мемлекеттік және банк секторлары қалған әлемге қатысты таза кредиторлар, ал корпоративтік сектор таза қарыз алушы болып есептеледі.