Қазақстанда 72 ірі кәсіпорын елдің энергия ресурстарының 30%-ын тұтынады
Қазіргі уақытта мемлекеттік энергетикалық тізілімге 21 516 кәсіпорын енгізілді
ҚР ИИДМ «Электр энергетикасын дамыту және энергия үнемдеу институты» АҚ Қазақстанда энергия тұтынуды төмендету саясатын іске асыру мақсатында мониторинг жүргізуді жалғастырып жатыр, деп хабарлайды Аzattyq Ruhy тілшісі.
Ведомство мәліметінше, мемлекеттік энергетикалық тізілімге енгізілген энергия үнемдеу туралы Заңға сәйкес кәсіпорындар энергия ресурстарын тұтыну көлемінің жыл сайын төмендеуін қамтамасыз етуге міндетті.
«МЭТ субъектілерінің энергия тұтынуын талдау кезінде жылына 100 мың тоннадан астам шартты отын тұтынатын 72 кәсіпорын анықталды. Олар негізінен, тау-кен металлургия кешені мен өңдеу өнеркәсібінің ірі кәсіпорындары. Бұл ретте, олардың саны мемтізілімге енгізілген ұйымдардың жалпы санының небәрі 0,8%-ын құрайды. Яғни, аталған МЭТ субъектілері энергия ресурстарының жалпы 84%-ын және 2020 жылы ҚР энергия ресурстарының 30%-ын тұтынған», - делінген ақпаратта.
МЭТ субъектілері тұтынатын негізгі энергия ресурстары – тас көмір (МЭТ субъектілерінің энергия ресурстарын жалпы тұтынуының 51%) және табиғи газ (21%).
Ірі өнеркәсіптік кәсіпорындар өткізген энергия аудиті Қазақстанда энергия үнемдеу әлеуеті 2,3 млн тонна шартты отынды құрайтынын көрсетті. Осы әлеуетті іске асыру кезінде елдің ЖІӨ энергия сыйымдылығын жыл сайын 4%-ға төмендетуге болады.
Мысалы, «Қазмырыш» ЖШС-де энергияны тиімді үнемдеу іс-шараларын енгізе отырып, тазартылған бір тонна қорғасын өндіруге жұмсалатын электр энергиясының меншікті шығыны 25%-ға төмендеді, ал жылдық үнем 716 млн теңгені құрады. «КарЦемент» АҚ бір тонна цемент өндіруге жұмсалатын электр энергиясының меншікті шығынын 10%-ға азайтты. Бұл ретте жылдық үнем 207 млн теңгені құрады.
«2014 жылдан бастап 2020 жылға дейін Қазақстанның ірі кәсіпорындары энергия үнемдеу технологиялары мен энергия тиімділігін арттыру жөніндегі шараларға 150 млрд теңгеге жуық инвестиция салды.
Нәтижесінде, 2019 жылға қарай Қазақстан Республикасы ЖІӨ-нің энергия сыйымдылығы 2008 жылғы деңгейден 33%-ға төмендеді. 2020 жылы МЭТ субъектілерінің жалпы тұтыну тағы 5%-ға төмендеді», - делінген министрлік хабарламасында.
Елімізде энергия тұтыну төмендеген, дегенімен басқа елдермен салыстырсақ, Қазақстанның ЖІӨ-нің энергия сыйымдылығының көрсеткіші әлі де жоғары деңгейде қалып отыр.
Қазіргі уақытта мемлекеттік энергетикалық тізілімге 21 516 кәсіпорын енгізілді.