Қаңтар айынан бастап несиесін төлей алмаған кәсіпкерлер де күрт көбейген
Елімізде несиесін уақытылы төлей алмайтын тұрғындар саны көбейген. Қаржы нарғын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, берешегі 90 күннен асқан тұрғындардың саны 3,5% артқан. Заңды тұлғалардың да жағдайы мәз емес, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Шағын және орта бизнес өкілдерінің арасында да несиесін төлей алмайтын кәсіпкерлер қаңтар айынан бастап күрт көбейіпті.
«2022 жылғы ақпанның қорытындысы бойынша 90 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар кредиттердің үлесі кредиттік портфельдің жалпы көлемінің 3,5%-ын немесе 706 млрд теңгені құрады (2022 жылдың басында - 3,3% немесе 669 млрд теңге). ШОБ есепке алғанда, заңды тұлғалардың портфелінде 90 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар қарыздардың деңгейі 3,4% (2022 жылғы қаңтарда – 3,4%). Жеке тұлғалардың портфелінде – 3,7%-ды (2022 жылғы қаңтарда – 3,7%) құрады. 90 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар кредиттерді провизиялармен жабу деңгейі 72,6%-ды құрады», - деді агенттіктен.
Банк секторында ұлттық валютамен кредит беру көлемі ақпан айында күрт көбейіп, 17,08 трлн теңгеге жеткен. 1 наурыздағы жағдай бойынша елімізде екінші деңгейлі 22 банк бар. Олардың ішінде 14 банк шет елдік, қалған 11-і – еншілес банктер. Ақпан айының қорытындысы бойынша банктер 242 млрд теңге таза пайда тапқан. Жеке тұлғаларға берілген кредиттер ақпан айында 2,3%-ға, ақшаға шаққанда 11,03 трлн теңгеге, заңды тұлғаларға 4,6%-ға, яғни 8,07 трлн теңгеге жеткен.
«Ұлттық валютадағы кредиттердің көлемі 2022 жылғы ақпанда 17,08 трлн теңгеге дейін 2,2% ұлғайды, шетел валютасындағы кредиттердің көлемі 2,03 трлн теңгеге дейін 12,9% өсті. Теңгедегі кредиттердің үлес салмағы 2022 жылғы 1 наурызда 89,4% құрады. 2022 жылдың ақпанында 1,79 трлн теңгеге жаңа кредиттер берілді, бұл 2022 жылғы қаңтарға қарағанда 32,9% жоғары. 2022 жылғы ақпанның қорытындылары бойынша банктердің экономикаға кредиттерінің неғұрлым елеулі сомасы өнеркәсіп (жалпы көлемдегі үлесі – 15,0%), сауда (11,2%), құрылыс (3,4%) және көлік (2,5%) сияқты салаларға тиесілі. Басқа салаларға кредиттердің 65,3% тиесілі. Банктік емес заңды тұлғаларға ұлттық валютамен берілген кредиттер бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 12,2% (2022 жылғы 1 ақпанға – 12,0%), жеке тұлғаларға – 18,4% (2022 жылғы 1 ақпанға – 17,7%) құрады», - деп мәлімдеді ҚР Қаржы нарғын реттеу және дамыту агенттігінің Сыртқы коммуникациялар басқармасы.