$ 518.57  566.59  6.05
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қазақстан Еуропаға мұнай сата алмайды: Каспий құбыр консорциумындағы апатқа Ресейдің қатысы бар ма?

2021 жылдың қорытындысы бойынша қазақстандық мұнай экспорты 67,6 млн тонна болды

Қазақстан Еуропаға мұнай сата алмайды: Каспий құбыр консорциумындағы апатқа Ресейдің қатысы бар ма?
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy

Қара теңізде болған дауылдан Каспий құбыр желісі консорциумына тиесілі құбырға айтарлықтай зақым келді. Салдарынан Қазақстаннның мұнай экспорты 3 есе төмендеуі мүмкін, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Аталған құбыр арқылы Қазақстанның экспорттық мұнайының үштен екісі сыртқа тасымалданатын. Консорциум мамандарының айтуынша, танкерлерге мұнай құятын үш қондырғының екеуі айтарлықтай зақымданған. Қазір тек біреуі ғана жұмыс істеп тұр. Айта кетерлігі, Каспий құбыр желісі консорциумының үлесіне «Транснефть», «Роснефть», «Лукойл», «ҚазМұнайГаз», Chevron, Mobil, Shell, Eni сынды компаниялар иелік етеді.

Ресейдің энергетика вице-министрі Павел Сорокин аталған ақауды жөндеу үшін 1,5-2 айдай уақыт кетеді деген мәлімдеме жасаған болатын. Каспий құбыр желісі консорциумы баспасөз қызметінің мәліметінше, апат болған жерге кем дегенде үш аптада ғана жөндеу жүргізіледі.

Каспий құбыр желісі консорциумы Бас директоры Николай Горбан бүгінгі таңда теңіз терминалында жүк тиеу толығымен тоқтатылғанын мәлімдеді.

«VLU-2 және VLU-3-тен басқа, одан әрі жұмыс істеуге мүмкіндік бермейтін зақымдарды тапқандықтан мұнай жөнелту тоқтатылып, пайдаланудан шығарылды. VLU-1 де тоқтап тұр. Апатқа байланысты толық зерттеу жүргізіліп жатқандықтан мұнай тиеу жүргізілмейді. Наурыз және сәуір айларында мұнай жөнелту көлемін қысқарту 3 еседен 5 есеге дейін артады», - дейді Николай Горбан.

Қазір Новороссийск маңындағы теңіз терминалы аймағында сынамалар алынып, тергеу жұмыстары басталды.

Экономист Мақсат Халықтың айтуынша, мұнай жіберу жұмысының мүлдем тоқтап қалуы Қазақстан экономикасына айтарлықтай залал тигізеді.

«Алдымен бүкіл құбырдың өзі емес, құбырдың белгілі бір бөлігі ғана зардап шекті деп айтылған еді. Бұл жерде тәулігіне мұнайды 200 баррелге қысқартылады деп айтылған. Яғни бір жылда 800 млн баррель көлемінде экспорт қысқаруы мүмкін. Соңғы ақпарат бойынша мұнай өндіру ісі толығымен тоқтап қалған екен. Бұл біздің экономика үшін соққы болайын деп тұр. Өйткені, Қазақстан мұнайының 80 пайызы осы құбыр арқылы тасымалданады. Бұл ретте саясаттанушылар Ресейге салынған санкцияның салдарынан көрші ел тарапы біздің мұнайды Еуропаға жібермеудің амалын осылай ойластырып отыр деген пікір де айтылып жатыр. Саяси сипат алмағанын тексеру керек. Өйткені, бұл құбырда мұнай тасымалдауда қазақстандық үлес 50 пайызды құрайды.

Бюджетке 50 пайыз салықтық түсімдерден түсетін қаражат мұнай есебінен болып отыр. Қазір әлем бойынша мұнай бағасы артты, енді ұлттық қорды толтырамыз деп қуанып отырғанда мынадай жағдай болып отыр. Мұнайды баламалды түрде темір жол арқылы жеткізуге болады деп айтылып жүр. Бірақ консорциум арқылы жіберілген көлемдей болмайды», - дейді экономист.

Каспий құбыр желісі консорциумы арқылы былтыр 585 танкер жөнелтілді. Негізгі бағыты: Италия – 213 танкер, Франция – 39 танкер, Америка Құрама Штаттары – 26 танкер, Испания-41 танкер және басқа да бірқатар елдер бар. Әрине, тиеуді тоқтату және қысқарту осы елдерге жөнелтуді 3-тен 5 есеге дейін төмендетеді.

Мұнай сервистік компаниялар одағының төрағасы Рашид Жақсылықовтың айтуынша, Қазақстан үшін Каспий құбыр желісі консорциумынан өзге мұнай тасымалдайтын бағыт жоқ.

«Бұл бағытты 30 жыл дегенде әрең жолға қойдық. Қазір бізде мұнай экспортының үш негізгі бағыты бар. Ең негізгісі – Каспий мұнай құбыры консорциумы. Оның қуаттылығы 2021 жылы 67 млн т/Г дейін жеткен, бұл бағытта 53 млн тонна мұнай экспортталды. Бұл сыртқа шығарылған жалпы мұнайдың 79%-ы. КҚК негізгі акционерлері Ресей (31%), Қазақсан (21%) және Chevron (15%).

Екінші бағыт – Атырау-Самара мұнай құбыры. Оның қуаттылығы 17,5 млн т/Г құрайды, өткен жылы 12 млн тонна мұнай экспортталды. Бұл барлық экспорттың 18%-ы. Акционері – «Транснефть».

Үшінші бағыт – Қазақстан-Қытай құбыры. 2019 жылдан бастап осы бағыт бойынша экспортталатын мұнай көлемі 1 млн тоннаға шамалас. Барлық экспорттың 1%-на да жетпейді. Акциолары 50% Қазақстанға және 50% Қытайға тиесілі. Қалған 2 млн тонна мұнай яғни, экспорттың 3%-ы Ақтау порты арқылы жөнелтіледі», - дейді Рашид Жақсылықов.

Оның айтуынша, мұнай тасымалдаудың Каспий құбыр желісі консорциумына өзге бағыт қарастыру керек деген ұсыныс 2014 жылы айтылған. Бірақ оған билік өкілдері мән берген жоқ.

«Енді күніміз тек осы бір ғана бағытқа қарып отыр. Мысалы, Атырау-Самара мұнай құбыры арқылы жіберейік десек, оның әлеуеті жетпейді. КҚК жіберген мұнайдың бір бөлігін де бұл бағыт арқылы жібере алмаймыз. Ал Атырау-Самара «қабілетін» арттыру үшін бізге кем дегенде 5 жыл және қыруар қаражат қажет болады. Ең дұрыс әрі қаржылық тұрғыдан тиімді шешім КҚК тез арада жөндеп, іске қосу ғана», - дейді Мұнай сервистік компаниялар одағының төрағасы.

2021 жылдың қорытындысы бойынша қазақстандық мұнай экспорты 67,6 млн тонна болды. Ресейлік маршрут арқылы КҚК мұнай құбыры жүйесі арқылы 53,71 млн тонна жөнелтілді. Бұл Қазақстан экспорттайтын мұнайдың 80%-ы еді.

Серіктес жаңалықтары