Ұлттық Банк өткен аптада 176 млн долларға валюталық интервенция жүргізді
Ресей рублінің айтарлықтай әлсіреуі нәтижесінде Қазақстанның қаржы нарығына жасалатын қысым өсіп отыр. Сыртқы күтпеген өзгерістердің теріс салдарын барынша азайту мақсатында Ұлттық Банк инфляцияның айтарлықтай өсу тәуекелдерін жеңілдетуге, теңге жинақтарын қорғауға және елдің алтын валюта резервтерінің орынды жұмсалуына бағытталған шаралар топтамасын іске асырып жатыр. Бұл туралы Ұлттық банк Төрағасы Ғалымжан Пірматов Үкімет отырысында мәлімдеді.
Қазақстан импортының 42%-ы Ресей Федерациясының үлесіне тиесілі. Осыған байланысты геосаяси жағдайдың шиеленісуі және Ресейге қарсы санкциялардың енгізілуі отандық экономикаға кері ықпалын тигізіп отыр.
«24 ақпанда Ұлттық Банк базалық ставканы 13,5%-ға дейін көтеру жөнінде кезектен тыс шұғыл шешім қабылдады. Бұл шешім ұлттық валюта мен инфляция деңгейіне жасалатын қысымды төмендетуге, сондай-ақ теңгедегі активтердің сақталуына бағытталды. Үкіметпен бірге бірлескен іс-қимыл жоспарын іске асыру тез арада басталып кетті. Бюджет қаражаты есебінен жеке тұлғалардың теңгедегі депозиттері бойынша өтемақы есептеуді көздейтін теңгедегі салымдарды қорғау бағдарламасы жарияланды», - деді Ұлттық банк Төрағасы.
Өз баяндамасында Пірматов қаржылық тұрақтылық тәуекелдерін ескере отырып, Ұлттық Банк өткен аптада 176 млн долларға валюталық интервенция жүргізгенін атап өтті.