Қазақстан ЕАЭО аясында ортақ энергетика нарығын құруға дайын ба?

Автор: Azattyq Rýhy

2025 жылы қазақстандық мұнай-газ өндірісі Ресеймен ортақ нарық құрады

Елордада мұнай-газ, электр энергиясы саласы мамандарының дәстүрлі  «Kazenergy» форумында 2019 жылға арналған «Ұлттық энергетикалық баяндама» таныстырылды. Осымен төртінші рет басылып отырған кешенді құжат Қазақстанның энергетика саласының қазіргі жағдайы және даму перспективалары туралы мәліметтер мен сарапшылар пікірін біріктіреді. Баяндаманы «Kazenergy» ассоциациясының тапсырысымен «IHS Markit» аналитикалық зерттеулер компаниясы дайындайды. Еліміздің энергетика секторының проблемалары мен жетістіктері ашық жазылған 200 беттік «кітапты» екі беттік материалға сыйғызып көрдік.

Әлемдік тенденция, Қазақстан билігінің саясаты

Ұлттық энергетикалық баяндама осыған дейін 2013, 2015, 2017 жылдары жарық көрді. Биылғы құжатта көбіне Үкіметтің тұтынушылар үшін электр энергиясы, мұнай мен газ өнімдері бағасын тұрақты ұстай отырып, жеткілікті деңгейде пайда табу жолында ұрынатын проблемалары айтылады. Себебі өндіру-өңдеуден қажетті қаржы түсіре алмаса, салаға қайта инвестиция салуға ешкім құлықты болмайды.

Сонымен, IHS Markit компаниясының мұнай бағасына берген болжамына тоқталсақ, 2019 жылдың 3-ші тоқсанында Brent маркасының 1 баррелі 66 АҚШ долларын құрайды, ал 2020 жылы ол 64 долларға түседі. Бұл 2011-2014 жылдардағы көрсеткіштен әлдеқайда төмен. Ол кезде бір баррель мұнайдың құны 100-120 долларды құраған. Дегенмен қазір ірі мұнай-газ компаниялары Big Data, жасанды интеллект секілді жоғары инновациялық технологиялар арқылы пайдасын арттырып отыр.

Инновациялық технологияларды толық қабылдап үлгермегеніне қарамастан, алдағы 10 жылдықта ТМД бойынша мұнай өндіру көлемі Ресейде емес, Қазақстанда еселеп артады деп болжануда. Бірақ сарапшылар Қазақстанның экспорттан келетін жалпы түсімінің 70%-ын, ішкі жалпы өнімнің 5-тен 1 бөлігін құрап отырған қазба байлығымыздан көретін пайданың артуы - ендігі жерде оны тиімді пайдалану мен сол жолдағы биліктің саясатына тікелей байланысты екенін айтады. Яғни, мұнай мен газ жеткілікті болғанымен, оның экспортын ақылды жүзеге асыра білу, әлемдік тендениялар мен экологиялық талаптарға сай жұмыс істей білу мәселесі күн тәртібіне шықты.  Себебі, 2015 жылы қабылданған Климат жөніндегі Париж келісімі бойынша, мұнай-газ компанияларына ауаға шығарылатын қалдықтарға, яғни парник газдарына шектеу талабы күшеюде. Қазақстан бұл талаптарға әлі толық сай емес.

Мұнай саласында мемлекеттің рөлі жоғары

Зерттеу институтының мәліметінше, осы саладағы Қазақстанның соңғы жылдардағы үлкен бір жетістігі – 2018 жылы мұнай өңдеу зауыттарының модернизациясын сәтті аяқтауы. Құны 6 млрд долларды құраған бағдарлама арқасында Атырау, Павлодар, Шымкент мұнай өңдеу зауыттары Ресей импортына тәуелділікті біршама болса да жойды. Елімізде шығатын жанармайдың сапасы жақсарған. 2018 жылдың қорытындысы бойынша елімізде мұнай өңдеу көлемі 10, 2%-ға, бензин өндірісі 17,2%-ға өскен.  

Дегенмен, сарапшылар мұнай саласында мемлекет бақылауы азаймай, оның дамуы да тежеле береді дейді. Қазақстанда жүргізілген либерализация саясатына қарамастан, билік әлі де бағаны өзі реттеп, экспорт мен импортқа жиі шектеулер қойып жатыр. Мысалы, «Қазмұнайгаз» компаниясы елдегі мұнай өңдеу зауыттарына шикізатты процессинг схемасы арқылы сатып, көп пайда табуға көмектеседі. Бұл несімен зиянды? Егер алдағы уақытта Еуразиялық экономикалық одақ аясында бағаны экспортпен тең деңгейге жеткізу талабы қойылса, «ҚазМұнайгаздан» арзан бағамен шикізат алып отырған мұнай өңдеу зауыттарына ресейлік өңдеушілермен бәсекелесу қиынға соққалы тұр. Сондықтан Атырау, Павлодар, Шымкент зауыттарын арзан бағалы шикізатқа үйретпей, өз алдына күн көре алатын кәсіпорын ретінде қалыптастыру аса маңызды.

Өзімізге жетпей жатқан газды Қытайға береміз бе?

Газ саласына келсек, 2015 жылы аяқталған Бейнеу-Бозой-Шымкент газ құбырының құрылысы Қытайға шығарылатын экспорт көлемін едәуір арттырып тастады. Ішкі нарықта тек оңтүстік емес, солтүстік облыстарға, атап айтқанда Жезқазған, Қарағанды, Нұр-Сұлтан, Көкшетау, Петропавлск қалаларына табиғи газдың тартылуына жол ашып берді.  Құбырдың газ өткізу қабілеті қазір жылына 15 млрд кубты құрайды. Сол арқылы 2018 жылы Қытайға 5,2 млрд куб газ жөнелтілсе, 2019-2023 жылдар аралығында экспорт көлемі жыл сайын 10 млрд куб болмақ. Бұдан шығатын проблема – Қазақстандағы газ көлемі өзімізді де, көрші елдерді де бірдей қамтамасыз етуге жеткіліксіз. Оның үстіне алдағы жылдары да газ өндіру көлемі аса қатты өсе қоймайды деген болжам бар.  Сондықтан, өндірушілерге ішкі нарық пен экспорт арасында таңдау жасауға тура келеді. Компанияларға салсаң, газды қымбатқа алатын Қытайға үздіксіз сата беруге дайын. Себебі, «ҚазТрансГаз» мемлекеттік компаниясы тым арзан баға ұсынады, табиғи монополияларды реттеу комитеті халықтың қалтасы көтеретіндей бағаны талап етеді. Осы шектеулердің бәрі жекеменшік газ өндіру секторының дамуына кері әсерін тигізуде. Оның үстіне бағаны қолдан төмендету Еуразиялық экономикалық одақ аясында 2025 жылға жоспарланған ортақ бағамен ортақ газ нарығын орнатуды қиындата түседі. Осы тұста «Қазақстан Еуразиялық интеграция арқылы ортақ экономика қалыптастыруға дайын ба?» деген заңды сұрақ туындайды. Қазір бағаны қолдан ұстап отырғанның өзінде жарық пен газға ақша төлеуге қиналатын жұрттың ертең одақтас елдермен бірдей бағаға шыдас беруі тіптен қиындай түспек.

15 жылдан кейін мұнай өндірісі азаяды

2018 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан 90,4 млн тонна мұнай өндірген. Оның көп бөлігі Қашағанға тиесілі. IHS Markit компаниясы 2019-2035 жылдары бұл айтылған көлем 39%-ға артады деп болжап отыр. Оның себебін Теңіз бен Қашаған мұнай зауыттарындағы жаңа кен орындарының ашылуымен түсіндіреді. Ал, одан кейін елімізде мұнай өндіру көлемі біртіндеп төмендей бермек. Сәйкесінше, экспорт көлемі де 2035 жылға дейін 50 пайызға артып, одан соң сатылап құлайды. Себебі, Қашаған, Қарашығанақ, Теңіз сияқты «Үлкен үштіктен» бөлек орта деңгейдегі мұнай өндіруші компаниялардан әзірге үміт жоқ. Оларға тиімді бизнес жүргізуге Қазақстанда жағдай жасалмаған. Әйтпесе, ірілі-ұсақты компаниялардың өзі мұнай өндіру көлемі балансын ұстап  отыруға қауқарлы.

Абай СЕЙФУЛЛА, Нұр-Сұлтан