Кедендегі көлеңкелі қаржы террористерді қаржыландыруға жұмсалуы мүмкін – заңгер
Қорғас кеден бекетінде көлеңкелі бизнес өркендеп жатыр дейді мамандар

Кеден бекеттері арқылы жеке қалтаға түсіп жатқан қомақты қаржы мемлекеттің жобаларын жүзеге асыруға кедергі келтіреді. Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей сынды елдермен шекаралас орналасқан кеден бекеттерімен салыстырғанда Қорғас-Қалжаттағы (Қытаймен шекарада – авт) қаржылық айналым жоғары. Аталған бекеттер арқылы миллиардтаған қаржы көлеңкелі айналымға кетіп жатқаны бұған дейін талай рет айтылған. Күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та бұл мәселені майшаммен қарауды Үкімет пен құзырлы органдарға тапсырды.
«Бюджет кірісін арттырудың маңызды әлеуеті – кедендегі тәртіпті орнату болып табылады. Әсіресе Қытаймен шекарада. Онда болып жатқан нағыз тәртіпсіздік баршаға белгілі. Көліктер тексерілмейді, салық пен баж салығы төленбейді. Қытайдың кеден органдарымен айналым статистикасының алшақтығы миллиардтаған долларға жетеді. Қол тигізбейтін мәртебесі бар кейбір уәкілетті операторлар бар. Ел ондаған миллиард теңге салықтан айырылып отыр. Макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін бюджетке қосымша кіріс көздері қажет», - деді Мемлекет басшысы.
Ал, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Ерлан Әбілдің сөзінше, көлеңкелі экономика арқылы ақша табатындар мемлекеттің жобаларын жүзеге асыруға кедергі келтіреді. Қорғаста проблема көп. Өйткені, кедендегі көлеңкелі ақшаның қайда, кімнің есеп шотына кетіп жатқаны белгісіз.
«Халықтың наразылығынан Президент хабардар. Әлеуметтік мәселелерді шешу үшін бюджетке қомақты қаржы керек. Ол қаражатты алудың көзі – жемқорлықты жою. 30 жылда байыған миллиардерлерге үлкен құлаққағыс айтылды. Көлеңкелі экономиканы азайту, ашық бюджетті қалыптастыру. Қорғас кеденіндегі жемқорлық туралы Парламентте де бірнеше рет көтерілді. ҚХР берген ақпарат пен біздің кедендегі мәлімет, статистикалардың алшақтығы.
Өзбекстан, Ресеймен шекаралас кеден бекеттерінде де мәселе бар, бірақ Қытаймен шекаралас кедендерде проблема жоғары. Қытай мен Қазақстан арасындағы сауда экономикалық байланыстың қаржылық көлемі жоғары болғандықтан жаңағы Президент айтқан кеден бекеттерінде проблема аз емес. Көлеңкелі экономика болған соң кеденде есептелмеген қаржы мемлекеттің пайдасына жұмыс істемейтіні белгілі. Жасырын ақша мемлекетке кері әсерін тигізеді. Көлеңкелі экономикадан түскен ақша, қомақты бюджет мемлекеттің түпкі мақсатын жүзеге асыруға кедергі келтіреді. Көлеңкелі жолмен пайда тапқандар мемлекеттің жоспарына, жобасына, реформасына бөгет жасап, тойтарыс беріп, өздерінің мақсат-мүдделерін іске асыруға, жағдайларын сақтап қалуға жұмсайды. Кедендегі ақшаның қайда, кімнің есеп-шотына кетіп жатқаны белгісіз. Қорғастағы былықтың ашылуы талай адамның орнынан кетіп, сотталуы ғана емес, тәртіптің орнауына да әсер етеді деген сөз. Президенттің айтқан бүгінгі сөздері халықтың ойынан шығып жатыр, ашық әңгіме болды », - деді Ерлан Әбіл.
Қытай шекарасындағы жемқорлық туралы бұған дейін де айтылып, лауазымды тұлғалар сотталған. Қорғас, Қалжат, Алтынкөл сынды бірнеше кеден бекеттерін май шелпекке айналдырған ондаған жоғары лауазымды тұлғалардың заңсыз әрекеті ашылып, ол «Қорғас ісі» деген атаумен тарихта қалды. Заңгер Марат Когамов бұндай стартегиялық маңызы жоғары жерде заңға бағынудан бөлек, мемлекетшілдік пен адалдық болғанда ғана тәртіп орнайды деп санайды. Оның сөзінше, көлеңкелі ақша айналымы бюджетті кірістен айырып қана қоймай, лаңкестерді қаржыландыруға бағытталуы да мүмкін.
«Қорғас, менің ойымша, біздің елдегі салық түсімдерінің ең маңызды көздерінің бірі. Өйткені шекарада күрделі экономикалық процестер мен операциялар жүргізіп жатқан халықаралық орталықтар бар. Тауарлар мен қызметтердің үлкен ағыны бар. Біз ең алдымен, біздің бюджетке түспеуі мүмкін шетел валютасындағы ресурстар туралы айтып отырмыз. Президент бұл тақырыпты көтерсе, оған үлкен мән беріп отырғанын білдіреді. Мемлекет басшысының қолында бар деректер Қорғас ісіндегідей біздің бағыттағы және кері бағыттағы тауарлар мен қызметтердің арасында үлкен алшақтықтың болуы мүмкін екенін айтып тұрғандай. Сондықтан кеденде кәсіби, адал кадрлар жұмыс істеуі керек.
Мемлекет басшысының бұйрықтарынан байқасаңыз, мемлекеттік қызметтегі адалдық лейтмотиві бар. Тексеруді Бас прокуратураға тапсырса, анықтайды, нәтижесін міндетті түрде жариялайды. Біз тек күте аламыз. Президент еліміздегі осы түйткілді мәселеге дұрыс назар аударды. Онда субтекст бар. Бұл жай ғана салықтық және валюталық түсім емес, біреулер әлденені жасырып келеді. Мұның астарында тіпті лаңкестердің мүддесі тұруы мүмкін. Біздің елімізде сол қылмыстық-процессуалдық кодексте құқық қорғау органдары қызметкерлерінің міндетіне лаңкестік және экстремистік әрекеттерді қаржыландыру көзін іздестіру белгіленгені кездейсоқ емес. Егер мемлекет шекарадан алатын барлық кірісті Қорғастағы кеден бекетінен көрмейтін болса, онда біздің еліміздің аумағында және осы аумақта көлеңкелі экономика бар деп ойлауға құқығымыз бар. Бұл көлеңкелі кірістер дәл сол лаңкестерді қаржыландыруы да мүмкін », - деді Заң ғылымдарының докторы, профессор Марат Когамов.