Тақиялы Мохаммед: Жер байлығы болмағанда, Қазақстан осы күнге жетпейтін еді

Автор: Azattyq Rýhy

Нұр-Сұлтанда өтіп жатқан XII Kazenergy Еуразиялық апталығына мұнай экспорттаушы елдер ұйымының бас хатшысы Мохаммед Баркиндо қатысты. Шетелдік қонақ апталықтың бас сессиясына қазақтың тақиясын киіп, туристерді де, қазақстандықтарды да таң қалдырды. 

sputniknews.kz

Пленарлық сессияда кіріспе сөз алған Мохаммед Баркиндо Қазақстанның дамуы мұнайдың және өзге де жер байлықтарын рационалды түрде қолданудың арқасы екенін атап өтті. Айта кетейік, Мохаммед Баркиндо мұнай экспорттаушы елдер ұйымының бас хатшысы ретінде Нұр-Сұлтан қаласына алғаш рет келіп отыр. 

«Бүгінде әлем мен адамзатқа қауіп төніп тұрғанын мойындаймыз. Соғыстың орнына тікелей диалог орнату керектігін әлі де толық түсіне қойған жоқпыз. Мұраны келешек ұрпаққа сақтау керек. Әлем біріксе, күшейеді. Этникаралық және дін әлеміндегі татулық мемлекеттер мен әртүрлі қоғамның дамуын қамтамасыз ететін біздің стратегиялық ресурсымыз», - деді алғы сөзін бастаған ол. 

Тақия киген Мохаммед Баркиндо қазақ ұлтының тарихына, тәуелсіз Қазақстанның жетістіктеріне, елорданың дамуына да тоқталды.  

«Қазақ ұлтының зиялы дамуы батыс ойшылы Аристотельден кейін әлем тарихына, әлемдегі академиялық ойлау жүйесіне ықпал еткен ойшыл әл-Фараби сияқты тұлғалардан бастау алады. Бұл қазақтың бай тарихын көрсете»ді, әл-Фараби сияқты мұсылман әлеміндегі ұлы ойшылдарынан қалған білімнің мұрасы. Қазақстанның бай табиғи ресурстары болмағанда, бұлардың ешқайсысы болмайтын еді. 
Қазақстанның мұнай тарихы да бай. Бір мысал ретінде Қашаған сияқты мұнай әлеміндегі алпауытты атауға болады. Мен ертең Қашағанға да барамын», - деді Мохаммед Баркиндо. 

Ол мұнай экспорттаушы елдер ұйымы да, Қазақстан да мұнай нарығының  тұрақты болуын қалайды деді. Және ол 5 қараша күні мұнай-газ саласындағы болжамдарды қамтитын әлемдік шолу жария болатынын хабарлады. 

Ұйымның алдын ала зерттеуіне сүйенсек, мұнай мен газға деген әлемдік сұраныстың ең үлкен өсімі 2040 жылға қарай күніне 112 млн баррельге дейін артады. Мохаммед Баркиндо осы 112 млн баррельдің  басым бөлігі халқы жылдам өсіп келе жатқан, экономикалық өсімі мықты дамушы елдерге жеткізіледі деген болжамымен сөзін қорытындылады.