Досаев: Жалақының өсуі инфляцияға кері әсер етеді

Автор: Azattyq Rýhy

Осы айда азық-түлік инфляциясы 11,5%-дан 11,3%-ға дейін төмендеген

Фото ашық дереккөзден

Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев Қазақстанда жалақының өсуі инфляцияға кері әсер ететінін айтты деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Үкімет отырысында баяндама жасаған бас банкир осылай деп мәлімдеді.

«Жалақының өсуі аясында қызметтердің өзіндік құны индексі 2020 жылдың шілдесінен бастап 49-дан 67-ге дейін өсті. Іскерлік белсенділікті қалпына келтіру және еңбекке ақы төлеудің жоғары үлесін (50%) ескере отырып, жалақының өсуі инфляцияға қосымша қысым жасайды», - деді Досаев.

Оның айтуынша, кейбір салаларда жұмыс орындарының бес ай қатарынан қысқаруы кезінде еңбекақының өскені байқалады. Қызметкерлер барынша қолайлы еңбек жағдайын, жоғары еңбекақы іздестіріп, табысы жоғары жұмыс қарастыруда.

Айта кетерлігі, осы айда азық-түлік инфляциясы 11,5%-дан 11,3%-ға дейін төмендеген. Керісінше, азық-түлікке жатпайтын инфляция 7,5%-дан 7,8%-ға дейін, ақылы көрсетілетін қызмет инфляциясы 6,8%-дан 6,9%-ға дейін артқан.

Еркежан Айтқазы, Нұр-Сұлтан қаласы