Сатып алушылар ағыны төмендесе, бұл жалға алушылардың «арзанқол» сауда нарығына кетуіне себеп болады
Ұлттық кәсіпкерлер палатасы елордалық әкімдіктің вакцина салдырмаған қазақстандықтарға сауда ойын-сауық орталықтарына баруға тыйым салуға қатысты бастамасына қарсылық білдірді. Бұл туралы «Атамекен» ҰКП мәлімдеді.
8 қарашадан бастап «көк» статусы бар қазақстандықтар Нұр-Сұлтандағы сауда орталықтарына кіре алмайды. Пилоттық жобаны жүргізу туралы шешім коронавирус инфекциясының таратпау жөніндегі ведомствоаралық комиссияда қабылданды. Бұл тұста ОСО-да жұмыс істейтін кәсіпкерлер табыстарынан қағылуы мүмкін. Нақтырақ айтқанда, сауда нүктелері, кафе мен мейрамханалар келушілер, сатып алушылардың 25%-ын жоғалтуы мүмкін екен.
«Ashyq жобасының деректерін саралап, біз республика бойынша сауда ойын-сауық орталығына келушілердің 25%-ы «көк» статуспен екенін көріп отырмыз. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «MEGA PLAZA» ЖШС келушілер арасында талдау жүргізіп, онда «жасыл» статусы бар келушілер саны «жасыл» жұмыс күндері енгізілмесе де өсіп жатқанын көрсетті. Бірінші кезекте сауда орталықтарына кіруді шектеу жалға алушылар қызметкерлеріне кері әсер етеді, олардің еңбекақысының бонустық бөлігі азаяды. Ал, сатып алушылар ағыны төмендесе, бұл жалға алушылардың «арзанқол» сауда нарығына кетуіне себеп болады», – деді «Атамекен» ҚР ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Олжас Ордабаев.
Сауда және ойын-сауық орталықтарына кіре алмаған қазақстандықтар саудасын «жасыл» мәртебені талап етпейтін базарларда, шағын дүкендерде жасап немесе интернет арқылы тапсырыс беріп жүр.
«Сауда және ойын-сауық орталықтарына кіруді шектеу негізсіз деп санаймыз, өйткені сауда нысандарында қажетті аудан, тұрақты дезинфекциялау, жуу жүргізіледі, ауаны желдету жүйесі қарастырылған, әлеуметтік арақашықтықты сақтауға мүмкіндік береді. Осы ретте халыққа қызмет көрсету орталықтарында қандай кезек жиналатыны белгілі. Жаз мезгілінде азаматтар нысан ішінде ғана емес, көшеде де күтуге мәжбүр болды. Бүгін көшеде тұру ауа райына байланысты мүмкін емес. Дегенмен, ұйымға статус бойынша шектеу қойылған жоқ», – деп атап өтті ҰКП басқарма төрағасының орынбасары.
Сондай-ақ, Палата бастаманы енгізу үшін бас мемлекеттік санитар дәрігердің қаулысына өзгерістер енгізу қажет екенін атап өтті. Бүгінгі қаулыға сәйкес, «қызыл» аймақтағы өңірлер ғана қатаң шектеу шараларын белгілей алады.
«Нұр-Сұлтан қаласы сары аймақта орналасқан. Тиісінше, «сары» аймақта шектеуді қатаңдату мүмкін емес. Санитар дәрігердің республикалық қаулысында «сары» аймақтағы өңірлер үшін ОСО-ға тек «жасыл» мәртебен кіру демалыс күндері ғана қарастырылған», – деп атап өтті Олжас Ордабаев.