Бүгін Үкімет отырысында Ақтөбе облысының 2021-2025 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары қаралды
Үкімет басшысы Ақтөбе облысы – батыс агломерациясының орталығы, еліміздегі маңызды индустриялық-аграрлық өңір екенін атап өтті. Металлургия, химия және мұнай-газ салаларын дамыту үшін облыстың айтарлықтай әлеуеті бар.
Кешенді жоспар бес жыл ішінде шамамен 5,8 трлн теңге инвестиция тартуға, оның ішінде 1,7 трлн теңге шетелдік инвестиция тартуға мүмкіндік береді.
Ақтөбе облысының елді мекендерінде инженерлік-коммуникациялық, индустриялық, көлік инфрақұрылымын дамыту жобалары жүзеге асырылатын болады.
Облыс елді мекендерінде инженерлік-коммуникациялық, индустриялық, көлік инфрақұрылымын дамыту жобалары жүзеге асырылмақ.
Ақтөбе облысының 2021-2025 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуына 567 млрд теңге жұмсалмақ. Оның ішінде республикалық бюджеттен – 64,9 млрд теңге, жергілікті бюджеттен – 7,4 млрд теңге, жеке инвесторлардан – 478,7 млрд теңге, сондай-ақ МЖӘ арқылы 16,6 млрд теңге тартылмақ. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев Үкімет отырысында мәлімдеді.
«Кешенді жоспардың бірінші бөлімі бойынша Ақтөбе агломерациясының инфрақұрылымын дамытуға 119,6 млрд тенге сомасына 13 инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ. Олар нженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамытуға, Ақтөбе қаласындағы кәріз-тазарту құрылыстарын жаңғыртуға бағытталады. Кешенді жоспардың екінші бөлімінде мұнай-газ саласында газ өңдеу кешенін салу, жаңа кен орындарын игеру және резервтік кен орындарын пайдалануға беруді қамтамасыз ету, сондай-ақ қиын өндірілетін мұнайды өндіру кезінде технологиялық жаңғыртуды жүргізу жоспарлануда. Үшінші бөлімде тау-кен металлургия кешенін дамыту бойынша іс-шаралар іске асырылады», - деп атап өтті Ерғалиев.
Өңірде түрік инвесторларының қатысуымен «Gebze» индустриялық аймағы құрылады. Жоба 20 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын құруға және 500 млрд теңгеден астам жеке инвестиция тартуға мүмкіндік береді.
АӨК аясында 5 жобаны іске асыру арқылы 2026 жылға қарай облыста суармалы жерлердің көлемін 40 мыңнан 100 мың га дейін, ірі қара мал басын 225%-ға, жылқы басын 130%-ға ұлғайту жоспарланған. Ет өндірісі 140%-ға 220 мың тоннаға, сүт өндіру 130%-ға 447 мың тоннаға дейін арттырылады.
Жолаушылар ағыны мен көрші облыстармен жүк тасымалының ұлғаюы нәтижесінде Ақтөбе облысының тауар айналымы 5 жыл ішінде 1,5 есе артып, 2,3 трлн теңгеге дейін өседі деп күтілуде.
«Қаланың ірі көлік торабы ретіндегі рөлін күшейтуге «Ақтөбе – Орск» және «Ақтөбе қаласының оңтүстік айналма жолы» сияқты жобалар ықпал ететін болады. «Ақтөбе – Хромтау – Қарабұтақ – Ұлғайсын» және «Ақтөбе – Атырау – Астрахань» автомобиль жолдарын қайта жаңартуды іске асыру жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесін 61% - дан 95% - ға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді», - деді Ұлттық экономика министрі.
Кемінде 25 денсаулық сақтау объектісі күрделі жөндеуден өтіп, жоғары технологиялық медициналық жабдықтармен жабдықталады. Облыс бойынша 49 мектеп пен Ақтөбе қаласындағы колледждердің студенттеріне арналған 3 жатақхана салу жоспарлануда.
Кешенді жоспарды іске асыру өңір тұрғындарының өмір сүру сапасын, табысы мен әл-ауқатын жақсартуға жол ашады. Алдын ала бағалау бойынша, 114 мың жаңа жұмыс орны ашылады, өңдеу өнеркәсібінің көлемі 21,6%-ға, ауыл шаруашылығы өнімдері 37%-ға, тұрғын үйді пайдалануға беру 21%-ға, құрылыс жұмыстарының көлемі 60,7%-ға өседі. ЖӨӨ нақты өсімі 27,4%құрайды.
Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан