ШұғылҚазақстанда COVID-19 вирусын жұқтырғандар саны азайып келеді

Орта Азия елдерінің инвестициялық тартымдылығы артып келеді

Инвестициялық климат бойынша Өзбекстан көшбасшы

Фото ашық дереккөзден

2020 жылдың қорытындысы бойынша Орта Азия мемлекеттерінің сырттан тартқан инвестиция көлемі 21 миллиард АҚШ долларын құраған деп жазады finprom.kz. Сарапшылардың жазуынша, Дүниежүзілік банк 2021 жылы әлемдік экономиканың 5,6%-ға өсетінін жоспарлауда (пандемия әсерінен 2020 жылы әлемдік экономика 3,5%-ға түскен болатын). Осы орайда Орта Азия елдерінде де өсім жоспарлануда (3,7%-ға). Сайттың ақпаратына сәйкес, ең үлкен өсім Өзбекстанда (4,8%) және Тәжікстанда (5,3%) болады деген болжам бар. Өз кезегінде Қазақстанда өсім 3,2%-ды, ал Қырғызстанда 3,8%-ды құрайды деп күтілуде.

Жалпы алатын болсақ, халықаралық институттардың мамандары Орта Азия елдерінің экономикаларының қайта жандануының басты факторы ретінде сырттан инвестиция тарта білуінде болады дейді. Сәйкесінше, елдің дамуында инвестициялық тартымдылық негізгі рөл ойнайды. 

Сарапшылардың айтуынша, Орта Азия мемлекеттері бұл мәселеде дұрыс бағытта келе жатыр. Бұған оң әсер етуші келесі факторларды атап өтуге болады: пайдалы қазбалар, сауда-саттықтан тыс секторларға арналған жаңа нарық, макроэкономикалық тұрақтылық, арзан жұмыс күші, экономика секторларының даму әлеуетінің болуы және бизнес саласының өркендеуі.

Дағдарысқа дейін, яғни 2019 жылы тікелей инвестициялардың ағыны Орта Азия елдерінің барлығында оң динамиканы көрсеткен, ал өсім қарқыны жалпы әлемдік көрсеткіштен жоғары болған. Нақтырақ айтсақ, құйылған тікелей инвестициялардың көлемі 10%-ға артып, 32,2 млрд АҚШ долларын құраған. Өз кезегінде жалпы әлемдік көрсеткіш бар болғаны 3%-дық көрсеткішпен ерекшеленген.

Қазіргі таңда Орталық Азия елдері бір бірімен белсенді түрде бәсекелестікке түскен, инвестициялық климаттарын жетілдіруде. Сайттың жазуынша, соңғы жылдары Өзбекстан жоғары нәтижеге қол жеткізіп келеді. 2019 жылы бұл ел құйылған тікелей инвестициялар көлемі бойынша көшбасшы атанған, яғни бір жылдың ішінде сыртқы инвестиция көлемі 2,3 есеге артып, 4,2 млрд АҚШ долларын құраған. Инвесторларды бұл елде қызықтыратыны – мұнай өндіру, мұнайды қайта өңдеу және химия өнеркәсібі.  Ең үлкен қызығушылық танытқан елдердің қатарында Қытай, Германия, АҚШ және Ресей бар.

«Өзбекстанда қолайлы инвестициялық климат пен инвестициялық тартымдылықты арттыру мақсатында бұрын соңды болмаған шараларды жүзеге асырып жатыр. Бұл шаралар елдің бизнесті кедергісіз жүргізу бойынша Doing business халықаралық рейтінгінде позициясын жақсартқан: 2020 жылы Өзбекстан 7 позицияға көтеріліп, 69-орынға ие болған. Бұл – аймақтағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі», - делінген сарапшылардың зерттеуінде.

Қазақстан болса 28-орыннан 25-орынға көтерілген. Бұл көрсеткіш өңірдегі ең жоғары болғанымен, көтерілу қарқыны мен инвестиция тарту бойынша Қазақстан Өзбекстаннан қалып келеді.