Экономиканың өсуіне негізгі салаларда өндірістің ұлғаюы, ішкі сұраныстың кеңеюі және қызметтер секторының дамуы әсер еткен
ҚР премьер-министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2019 жылдың қаңтар-қараша айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму және республикалық бюджеттің атқарылу қорытындысы қаралды, деп хабарлады primeminister.kz.
Қазақстан экономикасы тұрақты өсу қарқынын көрсетіп отыр. 2019 жылдың қаңтар-қараша айларында ЖІӨ өсімі 4,4% құрады.
Құрылыста 12,1%, саудада 7,5%, көлік саласында 5,6%, өңдеу секторында, оның ішінде машина жасауда 19,2%, автомобиль жасауда 64%, жеңіл өнеркәсіпте 16,6%, түсті металдар өндірісінде 6,8%, кокс және мұнай өңдеу өнімдерінде 5,3%, металл кенін өндіруде 15,7%, байланыс қызметтерінде 4,7%, өнеркәсіпте 3,6% оң динамика байқалып отыр. Ұлттық қор активтері 4,3%-ға, $60,5 млрд-қа дейін өсті, республикалық бюджетке кірістер – 9595,7 млрд теңге (жоспарға 100,2%), өсу қарқыны 117,6% құрады.
«Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев біздің алдымызға экономиканың тұрақты өсімін қамтамасыз ету міндетін қойды», - деді А.Мамин.
Премьер-министр салалық министрліктер мен өңірлердің басшыларына көрсеткіштерді жоспарлық мәндеріне шығару бойынша барлық қажетті шараларды қабылдауды тапсырды.
Үкімет басшысы биылғы 11 айдың қорытындысы бойынша экономиканың дамуының жоғарғы өсімі байқалып отырған Ақтөбе, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Түркістан облыстарының әкімдіктерінің жұмысына оң баға берді. Артта қалған әкімдіктерге проблемалық көрсеткіштерге қатысты мәселелерді түзету бойынша тиісті шаралар қабылдау қажеттігі атап көрсетілді.
Бюджет қаражатының игерілмеуіне жол берген әкімдер мен мемлекеттік органдардың басшылары тыңдалды.
«Бюджеттің кіріс бөлігі бойынша биылғы жылдың жоспарын асыра орындау байқалды. Бірақ бірқатар әкімшілер әлі де бюджет қаражатының игерілмеуіне жол беріп отыр», - деді А.Мамин.
Үкімет басшысы бюджеттік бағдарламалар әкімшілеріне қаржылық жылдың соңына дейін (биылғы жылдың 20 желтоқсанына) бөлінген бюджет қаражатын толық көлемде игеру бойынша шаралар қабылдауды тапсырды.