Қазақстанда өндірілген экологиялық таза тауарлар болашақта Еуропа мен Қытай нарықтарына экспорттала алады
Шетелдік инвесторлар Қазақстанды жаңартылатын энергия көздері саласында ірі жобаларды іске асыру үшін тартымды жер деп санайды. Осы бағыттағы еліміздің әлеуетін зерттеу нәтижелері туралы «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Мейіржан Юсуповпен кездесу аясында «SVEVIND Energy GmbH» швед-неміс концернінің басшылығы хабарлады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Шетелдік компания өкілдері атап өткендей, бүгінгі таңда ең қолайлы жер телімдеріне алдын ала жобалау жұмыстары жүргізіліп, олардың әрқайсысында 10 ГВт жасыл энергия өндірісін құруы қарастырылған. Болашақта бұл көрсеткішті 30 ГВт-қа дейін ұлғаю көзделген.
«Біздің компанияның қызметі Қазақстан аумағында «жасыл» энергетика жобаларын әзірлеу және одан әрі дамыту шеңберінде меншікті және тартылатын ресурстарды ұзақ мерзімді инвестициялауға бағытталған. Біздің жоспарымызда жел және күн электрін өндіру, одан кейін сутегін және басқа да «жасыл» шикізатты өндіру жобаларын іске асыру көзделген. Біздің жобаларымыз электр желілерінен тыс жел және күн электр станцияларының жұмысын көздейді. Алайда, олар мемлекеттік электр энергетикасы жүйесі үшін, сондай-ақ қазақстандық кәсіпорындарды энергиямен жабдықтау үшін жаңғыртылатын «жасыл» электр энергиясын диспетчерлендіруді және ішінара қайта бағыттауды қамтамасыз ете алады. Қазақстанда өндірілген сутегі, «жасыл» аммиак және басқа да экологиялық таза тауарлар болашақта Еуропа мен Қытай сияқты өсіп келе жатқан нарықтарға экспорттала алады», - деп атап өтті «SVEVIND Energy GmbH» компаниясының даму жөніндегі директоры Рене Пфортэ.
Өз кезегінде Мейіржан Юсупов Еуропалық Одақ елдерінің сутегі экономикасына көшуі аясында сутегі өндірісі перспективалы және маңызды бағыт болып табылатынын атап өтті. Жақын арада электр энергетикасында, автомобиль және теміржол көлігінде ғана емес, қара металлургияда, мұнай химиясы мен авиацияда да экологиялық таза сутегі технологияларына қолдау көрсету жоспарланып отыр.
«Сутегі энергиясы өте өнімді, технологиялық және тиімді. Бұл энергияны көлікте, күнделікті өмірде, энергетикада және теміржол саласында қолдануға болады. Мұның бәрі төмен көміртекті дамуға ықпал етеді. Төмен көміртекті дамуды ілгерілету Қазақстан Республикасының стратегиялық даму бағытына және халықаралық келісімдер шеңберінде алынған міндеттемелерге сәйкес келеді. Сутегі энергетикасын дамыту арқылы Қазақстан әлемдік сутегін жеткізуде өз орнын таба алады», - деп атап өтті Мейіржан Юсупов.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар уәкілетті мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен бірқатар кездесулер ұйымдастыру, сондай-ақ Қазақстан аумағында инновациялық жобаларды іске асыру бағытында күш-жігерді шоғырландыру туралы уағдаласты.