Отандық экспорттаушылар жоспардағы нәтижені орындай алмай отыр

Автор: Azattyq Rýhy

Қазір жалпы экспорт көлемінің 72,3%-ын минералды өнімдер құрайды

informburo.kz

Жеті айдың қорытындысы бойынша Қазақстанда тауарлар мен көрсетілетін қызметтер экспортында төмендеу бар. Finprom.kz берген мәліметке сүйенсек, бұл көрсеткіш өткен жылдың жеті айының қорытындысымен салыстырғанда 4%-ға төмендеген.

Қазақстан бойынша тауар айналымы 53,8 млрд АҚШ долларын құраған, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,6% артық ($52,9 млрд). Тауар айналымының өсімі импорт көлемінің артуымен де байланысты (11,7%). Ал тауарлар мен көрсетілетін қызметтер экспортында 3,7% төмендеу бар ($32,9 млрд). Өткен жылдың 12 айында  бұл көрсеткіш $61 млрд болған.

Бүгінде отандық экспорттаушыларды қолдау мақсатында елімізде түрлі шаралар іске асып жатыр. Ең басты мақсат – шикізаттық емес экспорт көлемін өсіру. 2022 жылы шикізаттық емес экспорт көлемі 31,8 млрд АҚШ долларына жету керек, жоспар бойынша 2018 жылы 22,7 млрд АҚШ долларына жетуі тиіс ед. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі көктемде болған Үкімет отырысында 2018 жылғы шикізаттық емес экспорт көлемі 15,7 млрд АҚШ долларын құрағанын айтты. Демек бәрі жоспардағыдай орындалып жатқан жоқ.

Қазір жалпы экспорт көлемінің 72,3%-ын минералды өнімдер құрайды. Металдар мен бұйымдар жалпы экспорттың 14,6%-ын, жануарлар мен өсімдік өнімдері және дайын тамақ өнімдері 5,7%-ын құраған.

Қазақстанда экспорттаушыларға арналған QazTrade бірыңғай терезесі жұмыс істеп тұр. Бұл мекеме отандық экспорттаушылар мен мемлекеттік органдар арасындағы агенттің рөлін атқарады. Алдағы уақытта цифрландыру мәселесіне баса назар аударып, электронды баға мониторингін жүргізу жоспарланып отыр.

Жеті айдың ішінде экспортталған тауарлар мен қызметтердің дені Италия ($4,7 млрд), Қытай мен Ресей ($4,6 млрд және $3 млрд), Нидерланд және Франция ($2,3 млрд және $2,2 млрд) секілді мемлекеттерге бағытталған.