Теңге не себепті әлсіреді – Ұлттық банк басшысы түсіндірді

Автор: Azattyq Rýhy

Наурыз айының басынан бері ұлттық валюта бағамы 0,8 %-ға құлдырады

Фото: ашық дереккөзден

Ақпан айында уақытша нығайып, артынан қайтадан әлсіреген ұлттық валютаның бағамы жөнінде Үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Ақпан айында теңгенің 1,7 %-ға уақытша нығаюына бірнеше фактор ықпал еткен. Олар:

  • ОПЕК + елдерінің шикізат өндіруді қысқартуы нәтижесінде мұнай бағасының жылдық рекордтан асуы;
  • АҚШ-та өте төмен температураның тіркелуі;
  • Әлемде COVID-19 жұққан науқастар санының азаюы;
  •  Еліміздің мемлекеттік бағалы қағаздар нарығына шетелдік капиталдың үлкен көлемде келуі;
  • Республикалық бюджетке трансферттер бөлуі және квазимемлекеттік сектор компанияларының экспорттық валюта түсімінің бір бөлігін сатуы шеңберінде Ұлттық қордың долларлық активтерімен алмасу жүргізуі;
  • Компаниялар төлеген тоқсандық салықтар факторы.

«10 наурызда теңге бағамы бір АҚШ доллары үшін 420,58 теңгені құрады. Салық кезеңінің аяқталуы, санкциялық риториканың күшеюіне байланысты негізгі сауда серіктесі валютасының әлсіреуі салдарынан теңге айдың басынан бері 0,8 %-ға әлсіреді», - деп түсіндірді Ерболат Досаев.

Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан