Елімізде соңғы айда тәулігіне ковид жұқтырғандар саны 59%-ға азайды
Moody’s, Fitch Ratings және Standard and Poor’s халықаралық рейтинг агенттіктері Қазақстанның ЖІӨ өсімін 2021 жылы 3,2-3,8 % деңгейінде болады деп болжайды. Бұл туралы Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Ақпан айының қорытындысы бойынша, мынадай әлемдік трендтер байқалуда. Көптеген елдерде белсенді вакциналауды жүргізу нәтижесінде эпидемиологиялық ахуал жақсаруда. Тәулігіне ковидпен ауырғандар саны 2021 жылғы қаңтардың ортасымен салыстырғанда 46%-ға, ал Қазақстанда 59%-ға төмендеді», - деп хабарлады Әсет Ерғалиев.
Металл бағасы да бұрынғы қалпына келді. Жыл басынан бастап металл бағасының орташа өсуі 7 %-ды құрады. Мыс бағасы 15,8 %-ға, алюминий 9,4 %-ға, мырыш 1,7 %-ға өсті.
Министр жалпы іскерлік белсенділікті қалпына келтірудің негізгі шарты эпидемиологиялық жағдайды қалыпқа келтіру екенін айтты.
«Ақпанда Moody’s, Fitch Ratings және Standard and Poor’s халықаралық рейтингтік агенттіктері Қазақстанның егемендік кредиттік рейтингін пандемияға дейінгі инвестициялық деңгейде растады. Пандемия жағдайында елдің кредиттік рейтингтерін растаудың негізгі факторлары: экономиканың нақты секторының өсу тұрақтылығының жоғары деңгейі, экономиканы және халық табысын қалыпқа келтіруге қауқарлы болу, дағдарысқа қарсы шараларды тиімді іске асыру. Осының аясында халықаралық рейтингтік агенттіктер 2021 жылға Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің өсуін 3,2-3,8% деңгейінде болжап отыр», - деп атап өтті ҰЭМ басшысы.
Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан