Сарапшылар «Навальный ісі» бойынша салынуы мүмкін санкцияның Қазақстанға әсері туралы айтты

Ресейлік оппозиционер Алексей Навальный 2 жарым жылға түрмеге қамалды

Сарапшылар «Навальный ісі» бойынша салынуы мүмкін санкцияның Қазақстанға әсері туралы айтты
Коллаж: Нұрсұлтан Жорабаев

Алексей Навальныйдың сот үкімімен түрмеге қамалуы Қазақстанға сөзсіз әсер етеді. Сарапшылар ЕуроОдақтың Ресейге қарсы санкциясы міндетті түрде жүзеге асатынын болжап отыр. Себебі Еуропарламент депутаттары тиісті қарарды қабылдап қойды. Бірақ оның жүзеге асатын мерзімі әлі айтылған жоқ.

Сәрсенбіде Германия үкіметі Навальныйдың сотталуына байланысты Ресейге міндетті түрде санкция салынатыны және ресейлік оппозиционердің улануынан соң басталған санкциялар жалғасын табатыны жайлы пікір білдірді. Бұл туралы 3 ақпанда Германия канцлері Ангела Меркельдің баспасөз хатшысы Штеффен Зайберт айтты. Айтуынша, қазір Берлин тарапы еуропалық әріптестерімен бұл мәселе бойынша келіссөз жүргізіп жатыр.

Voice of America басылымының жазуынша, қазір Еуропа елдері «Северный поток – 2» газ құбырына қатысты нақты шешімге келе алмай отыр. Германия билігі Навальный түрмеге отырғызылса, жобаны тоқататынын айтқан болатын. Ал кеше Франция сырты істер министрі Жан-Ив Ле Дриан бұл мәселені Меркель үкіметінің өз ырқына қалдырып, ресми Париждің қандайда бір қысым көрсетуден аулақ екенін мәлімдеді. «Бұл Еуопаның энергетикалық тәуелсізігі үшін маңызды жоба, сондықтан Навальный оқиғасын бұған араластырудың қажеті жоқ» деген сыңайда пікір айтқан.

Бұған дейін ЕО сыртқы істері бойынша жоғары өкілі Джозеп Боррелл Ресей Федерациясына салынатын санкцияның мерзімі талқыланып жатқанын мәлімдеді.

«Қалыптасқан жағдай ешкімге оңай емес. Біз Ресейдің режимін жақсы білеміз. Бірақ Еуропарламенттің саясаты – біреуге кінә тағу емес, тығырықтан шығатын жолды көрсету», - деді ол.  

Ал Кремль ақпараттық шабуылдарға қатысты салқынқандылық танытып отыр. РФ президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Ресейдің ішкі шаруасына ешкімнің араласуға құқығы жоғын, барлық елмен достық қарым-қатынасты сақтайтынын, жекелеген тұлғаларға қатысты санкциялар туралы «әңгіме басқа» екенін айтып, қысқа қайырды.

Егер Батыс түптің түбінде Ресейге қарсы санкцияны қолданса, оның Қазақстанға әсері қандай болады? Қазақстан экономикасы Қырымға қатысты салынған санкциялардан соң кәдімгідей шатқаяқтап қалғанын ұмытпауымыз керек. 2014-2015 жылдары елде рубльдің теңгеге деген интервенциясы айқын сезілген еді. Azattyq Rýhy тілшісі отандық сарапшылардан «Навальный ісіне» байланысты санкциялар салынатын болса, оның салдарынан қандай өзгерістер болатынын сұрады.

Экономист Жарас Ахметов Ресейдің Қырымға жасаған басқыншылығынан соң салынған санкциялар Қазақстан экономикасына айтарлықтай кері әсерін тигізгенін айтады. Ал, Навальныйдың қамауға алуына байланысты болатын батыстық санкциялар жеке олигархтар мен саясаткерлерге қатысты болады. Айтуынша, оның экономикаға айтарлықтай әсері болмайды.

«Есіңізде болса, Қырымды анекциялағанда рубль құлдырады, санкция салынды. Дәл сол кезде теңге де құнсызданып шыға келді. Бұл құбылыстар қысқа мерзімді болды дегеннің өзінде де дүрбелең туғызды. Ал, қазір Батыстың айтып отырған санкциясы Навальный ісіне қатысты деп айтқанымызбен, «персоналдық санкциялар» екені анық. Яғни Путиннің айналасына жақын жүрген тұлғаларға жеке-жеке салынады деген сөз. Рубль белгілі бір мерзімге әлсіреуі мүмкін. Тиісінше, теңге де қысқа мерзімге арзандайды. Сосын тез арада өзінің бұрынғы позициясына қайтадан оралады. Бұл осындай гипотезаға құрылған болжамдар. Батыс елдері санкцияны қаншалықты қатаңдатады, ол жағы әлі беймәлім. Бірақ Қырым мен Донбас оқиғасынан соң салынған санкциялар сияқты қатал болады деп ойламаймын», - дейді Жарас Ахметов.

Экономика сарапшысы Меруерт Махмұтова санкция салынса, ЕАЭО аясында бір-біріне байланып отырған орыс-қазақ экономикалық қарым-қатынасы бірге зардап шегетінін айтады. Сарапшы РФ-ға бағытталған санкцияларды Навальныйдың түрмеге жабылуынан да маңызды оқиғалармен байланыстырады. АҚШ өткен жылдың соңында Ресейдің бес бірдей ғылыми зерттеу институтына санкция енгізген болатын. Ресейдің бұл әрекеті биологиялық және химиялық қару-жарақ жасап жатқаны үшін халықарылық талаптарды бұзу болып бағаланды.  

«Әрине, Ресейге санкция салынса, рубльдің әлсіреуіне әкеледі деп ойлаймын. Сөз жоқ, ресейлік валюта құнсызданса, теңгенің айырбастау деңгейіне де әсер етеді. Екі ел арасындағы саудаға әсер етеді. 2014-2015 жылдардағыдай теңгені ұстап отырсақ, біздің нарықты ресейлік тауарлар басып кетеді. Ресей санкцияға бататын болса, экономикасы алға жылжып кетпесі анық. Қазақстан экономикасын РФ экономикасына тәуелді етіп, Еуразиялық экономикалық одақ арқылы байлап қойған. Сондықтан біздің экономикамызға ешқандай жақсылық әкелмейді деп жоспарлауға болады», - дейді Махмұтова.

Экономист коронавирус пандемиясының халықаралық саудаға да, ішкі өндіріске де әсер еткенін айтты. 

«Өткен жылдың нақты нәтижесін әлі көрген жоқпыз. Себебі жылдың қорытындысы - статистика ақпан айының ортасында жарияланады. Жасыратыны жоқ, ішкі нарықты импортпен жауып отыр. Сырттан тіпті шикізат та, дайын машина да келіп жатыр. Оның барлығы қымбат бағаға келеді. Пандемиядан кейінгі экономикаға біраз оптимистік көзқарас бар еді. Бірақ мына Ресейге санкция салынатын болса, қамшының екінші ұшы бізге келіп тиетіні анық», - дейді сарапшылар.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.