Ал мемлекет қазынасы көлік салығы есебінен түсетін қаражаттан қағылып жатыр
Ресми деректерге сүйенсек, Солтүстік Қазақстан облысында автөкөліктер саны айтарлықтай азайған. Есесіне Қызылжар жолдарында ресейлік есепте тұрған темір тұлпарлар саны еселеп артқан. Көршіден көлік алу несімен тиімді, бұл үрдіс жалғаса берсе, жергілікті экономикаға қалай әсер етеді? Azattyq Rýhy тілшісі таразылап көрген еді.
БАСТЫ СЕБЕП - БАҒА
2017 жылы Солтүстік Қазақстан облысының автокөліктер мәліметтік базасында 155 мың көлік тіркеуде тұрған. Қазір бұл көрсеткіш 128 мыңды құрайды. Ресми деректер бойынша, көліктер саны азайғанымен іс жүзінде ресейлік есепте тұрған техника көбейген.
Әртүрлі маркалы ресейлік «темір тұлпарларды» тізгіндеп жүрген жүргізушілер алдымен бағасының қолжетімділігін алға тартады. Петропавл қаласының тұрғыны Батырбек Жүкеновтің төрт дөңгелекті «серігі» де ресейден жеткізілген. Солтүстік Қазақстанға көршілес Омбы облысынан былтыр әкеліпті. Жол шығындарын алып тастағанда жарты миллион теңгеден астам қаражаты қалтасында қалған екен.
«Қалада тұрған соң, көлік керек. Бала-шағаны мектепке, үйірмелерге апару керек. Жұмыс бар дегендей. Көлігің болса, қаншама уақытыңды үнемдейсің. Бастапқыда жергілікті нарықтағы көліктерді байқап көрдім. Бағасы тым қымбат. Ресейде шығарылған жылы, мінездемесі бірдей көліктер ең кемі 500 мыңға арзан. Қымбат көліктердің бағасында 1,5-2 миллион теңгеге дейін айырмашылық бар. Әрине, қымбатын емес, арзанын алғың келеді. Ешкім де маңдай термен тапқан ақшасын оңды-солды шашқысы келмейді ғой. Осылайша көлікті Ресейден әкелуге мәжбүр болдым», - дейді ол.
КӨЛІКТЕН ТҮСКЕН САЛЫҚ ЕКІ ЕСЕ КЕМІГЕН
Петропавл қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің мәліметінше, 2019 жылы шаһар қазынасына жеке тұлғалардан 800 миллион теңге көліменде көлік салығы түскен. Былтыр бұл сома 430 миллион теңге ғана болған.
«Қазақстан экономикасы үшін бұл тиімсіз жағдай. Ал әр азамат үшін керісінше. Жергілікті көліктер мен ресейлік маркаларды салыстырсақ, бағасында кемінде бір миллион теңге айырмашылық бар. Яғни бізде көлік тым қымбат. Мәселен, қарапайым «Ниваны» мысал ретінде салыстыратын болсақ, Ресейде 3,5 млн теңге болса, Қазақстанда 4,5-5 млн теңге аралығында сатылуы мүмкін. Оны көрген тұтынушы әрине, шетелден әкеліп, қаражатын үнемдейді. Ресейге барып-келу қиын емес. Жылына бір рет тіркеліп тұруға болады. Ал жалпы экономика тұрғысынан алып қарасақ, бюджетке түсетін салық төлемдері толық орындалмайды. Ресеймен шекаралас барлық облыстар қазынасына көлік салығы толықтай түспейді. Оның қатарында Павлодар, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстары бар. Бұл жағымсыз факті. Бұл мәселе шешілмесе, Еуразия экономикалық кеден одағына мүше елдерден келетін көліктер саны арта бермек», - дейді экономика ғылымдарының магистрі Азамат Баймағамбетов.
Петропавл қаласы бойынша 60 мың көлік иесі тіркелген. Ал ресейлік темір тұлпарлар есепте жоқ. Сондықтан олардан бюджетке ешқандай салық түспейді.
«Егер Армениядан әкелінген көліктерге қолданылған әдісті пайдаланар болсақ, бұл дерттің белгілерін ғана емдеу болып қалады. Бұндай мәселелерді кешенді түрде шешу керек. Шекаралас мемлекеттермен бірге заң жүзінде белгілі шараларды қабылдау қажет. Ресей, Армения және Қазақстанға тиімді болатын шешім керек. Бізде отандақ автомобиль өндіретін зауыттар бар. Олар да ұтылып отыр. Қаншама тұтынушыдан айрылып жатыр. Өндіріс орындары да салық төлейді. Бюджет сол төлемдерден де қағылып жатыр. Осының бәрін шешу үшін үкімет тарапынан нақты қадамдар керек. Бір реттік шара емес. Қазақстан үшін бұндай жағдай тиімді емес», - дейді экономист.
ҰРЛАНҒАН КӨЛІК КӨБЕЙДІ
Мамандардың пікірінше, басты себеп отандық зауыттарда шығарылатын көліктердің қымбаттығы мен шет елден әкелінетін техниканың утилизациялық алым және тіркеу құнының көлемінің тым жоғары болуында. Алғашқысының мөлшері көлік маркасына, шыққан жылына қарай 400 мың мен 3 миллион теңге аралығында болса, бастапқы тіркеу құнының көлемі 1,3 миллион теңге көлемінде. Бұл елімізде еш жерде тіркелмеген көліктер санының артуы ғана емес, қылмыстың көбеюіне де әсер етіп отыр.
«2020 жылы СҚО Полиция департаментінің мамандары Ресей Федерациясы аумағынан келген кузовтағы нөмірлері өзгертілген 7 автокөлікті анықтады. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 326 бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Ресейгеа аталған көліктер бойынша сұраулар жіберілді. Іздестіру шаралары жүргізілуде», - дейді СҚО Полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкілі Данияр Ғалиақпаров.
Тұтынушының бағасы тиімі тауарды алатыны заңды құбылыс. Ал мемлекет қазынасы көлік салығы есебінен түсетін қаншама қаражаттан қағылып жатыр.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО