Қызылжарлық сүт зауыты экспорт көлемін ұлғайтпақ

Автор: Azattyq Rýhy

Жыл басынан бері СҚО-да сүт өнімдерін қайта өңдейтін кәсіпорындар 164 мың тоннадан астам өнім шығарған

Солтүстік Қазақстан облысында 80-нен астам қайта өңдеу кәсіпорны жұмыс істейді. Ет, сүт және макарон өнімдерінің 330-дан астам  түрі нарыққа шығарылады. Солардың бірі Аққайың ауанындағы «Ростан» ЖШС. Жуырда кәсіпорын сүт өнімдерін шығаратын жаңа желіні іске қосты, деп хабарайды Azattyq Rýhy тілшісі.

«САПА – БАСТЫ НАЗАРДА»

Осыдан 22 жыл бұрын іргетасы қаланған серіктестік Солтүстік Қазақстан облысындағы сүт өнеркәсібі саласындағы жетекші кәсіпорындардың бірі. Бұрынғы май зауытының негізінде құрылған серіктестік заманауи техникалық құрал-жабдықтарен қамтылған.

«Қыркүйек айында Ресейден өндіріске қажетті қондырғылар жеткізілді. Орнатып болдық. Іске қосуға әзір тұр. Қазір сынақ жұмыстары жүріп жатыр. Бізде өнім шығарудың технологиясы қалыптасқан. Зауытты толық қуатына қосамыз. Қазіргі шығарылып жатқан өнім көлеміне тағы да тәулігіне 5 мың тонна сүт қосамыз», - дейді «Ростан» ЖШС бас инженері Евгений Горлов.

Зауытты жаңғыртып, жаңа техника сатып алу жұмыстарына 160 миллион теңге жұмсалыпты. Тағы да жаңа цех ашу жоспарлануда.

«Қазір қай сала болсын күн сайын өзгеріп, дамып жатқан заман. Тұтынушы талабы да жоғары. Мемлекеттік бағдарламалар мен осы талап бізді алға жетелейді. Тауардың сапасын сақтап қана қоймай, өнім түрлерін көбейту керек. Әсіресе шикізат тапшылығы туындайтын қыс мезгілінде жауапты кезең туындайды. Ал жаз мезгілінде шикізат көп болғанымен, тез бүлінеді. Заманауи техниканың көмегімен шығынға ұшырамаудың ебін табамыз. Кәсіпкер болған соң осындай қиындықтарды еңсере білу қажет», - дейді «Ростан» ЖШС директоры Владимир Роставщиков.

Айран, сүт, ірімшік, йогурт, май, қаймақ, сүзбе. «Ростан» серіктестігі сүт өнімдерінің тоғыз түрін шығарады. Тауар Қазақстанның барлық облыстарымен қатар, Ресей Федерациясының ірі қалаларына экспортталады. Тұтынушылар сүт зауытының сары майын жоғары бағалайды.

«Маған «Ростанның» өнімдері ұнайды. Әсіресе сары майын аламын. Әрине зауытта шыққан өнім мен ауылда, үйде әзірленгеннің айырмасы көп. Әртүрлі майдың дәмін татып көрдім. Ең ұнағаны осы», - дейді тұтынушы Еркегүл Есмағұлова.

Зауыт директоры Владимир Роставщиковтың айтуынша, өндірісте тек сапалы шикізат қана пайдаланылады. Сүт Аққайың, Тайынша, Жамбыл аудандарынан әкелінеді. Жергілікті шаруа қожалықтары, ауыл шаруашылығы кооперативтерімен арнайы келісім жасалған.

«Өндірісте ең бастысы – сапа. Сонда ғана тауар тұтынушының көңілінен шығып, жоғары сұранысқа ие болады. 22 жыл бойы осы қағиданы ұстанып келеміз. Біздің табысымыздың басты кілті де осы. Сүт, айран, қатық, ірімшік сынды тағы басқа тағамдарды шығарамыз. Болашақта өнім түрлерін көбейту жоспарда бар. Сүтті-қышқыл өнімдердің бірнеше түрі мен йогурт өндірісін көбейтпек ниеттеміз. Ресейдің Түмен, Омбы, Владивосток, Екатеринбург сынды тағы басқа қалаларындағы сауда орындарымен келісім бар. Өнімнің негізгі бөлігі Қазақстан шаһарларына жіберілсе, бір бөлігі көрші мемлекетке кетіп жатыр», - дейді Владимир Михайлович.

                                                               ӨНДІРІС КӨЛЕМІ АРТТЫ

Кәсіпорын 2015 жылы 1,1 миллион литр сүт өңдесе, өткен жылы көрсеткіш бес миллион литрге жеткен. Нәтижесінде өндіріс көлемі артып, 276-дан 708 тоннаға дейін көтерілген.

«Өндіріс барысында әлемнің үздік технологиялары пайдаланылады. Бүгінгі күні қазақстандық тауарға шетелден сұраныс жоғары. Себебі біз қоспасыз, табиғи таза өнім шығарамыз.  Оны тұтынушылар да ұғынған. Әсіресе, азық-түлік өнімдерін «Қазақстанда жасалған» брендімен алыс-жақын елдерге экспорттауда. Болашақта Ресей нарығына ғана шығып қоймай, алыс-жақын шет елдермен байланыс орнатсақ дейміз. Ол уақыт пен еңбек еншісінде. Бастысы, бизнеске мемлекет тарапынан қолдау бар. «Аграрлық несиелік корпорация» арқылы қаржы алдық», - дейді серіктестік директоры.

СҚО-да ЖЫЛ БАСЫНАН БЕРІ 164 МЫҢ ТОННА ӨНІМ ШЫҒАРЫЛДЫ

Кәсіпорында 50 адам еңбек етеді. Жұмыстың басым бөлігі автоматтандырылған.

«Зауыт 1998 жылы ашылды. Ал 2002 жылдан бастап дамудың жаңа кезеңіне бет бұрдық. «Ростан» атаулы сары май мен ірімшік шығара бастадық. 2003 жылы күрделі жөндеу аяқталды. Бұл өндіріс көлемі мен қарқынын арттыруға мүмкіндік берді. Сүт таситын көліктер сатып алдық. Серіктестік қызметкерлерінің біліктілігін артыру мақсатында түрлі курстарға жібердік. 2004 жылдан бастап  «Амисмок» ірімшігін шығардық. Сол жылы Солтүстік Қазақстан облысының «Жылдың үздік кәсіпкері» атағына ие болдым. 2005 жылы майды автоматты түрде қаптайтын аппарат орнатылды. Осылайша, жыл сайын кәсіпорын жмысына жаңашылдықтар қосып, ілгері басып келеміз», - дейді Владимир Роставшиков.

Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысында сүт өнімдерін қайта өңдейтін 14 кәсіпорын 164 мың тоннадан астам өнім шығарған. Аталған серіктестіктердің жылдық қуаты 294 мың тоннаны құрайды.

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО