Бұл қаражат коронавирусқа қарсы күрес және Қазақстан экономикасын қалпына келтіру үшін алынып отыр
Мемлекет басшысы Қазақстан мен Азия даму банкі арасындағы және Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі арасындағы қарыз туралы келісімді ратификациялау туралы заңға қол қойды. Бұл туралы Ақорданың ресми сайтында жарияланды.
Аталған құжаттар COVID-19-ға қарсы күрес жөніндегі белсенді шаралар мен шығыстарды қолдау бағдарламасына негізделген.
Еске сала кетейік, бұған дейін Сенат Азия даму банкі мен Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінен 1,5 миллиард еуро қарыз алу туралы заңды мақұлдаған болатын.
Нақтырақ айтқанда, еліміз Азия даму банкінен 908 млн 596 мың еуро көлемінде, ал Азия Инфрақұрылымдық Инвестициялар Банкінен 661 млн 800 мың еуро сомасында қарыз алмақ. Қаражат 2021 жылғы COVID-19 пандемиясы салдарымен күресуге және экономиканы қайта тұрақтандыруға бағытталатын болады.