$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
02.12.2020, 13:52
Экономика

«Экономикалық тәуелсіздікке теңгені енгізу арқылы қол жеткіздік»: Елбасының реформалары жөнінде сарапшылардың пікірі

1 желтоқсан – ҚР Тұңғыш Президенті күні

«Экономикалық тәуелсіздікке теңгені енгізу арқылы қол жеткіздік»: Елбасының реформалары жөнінде сарапшылардың пікірі
Фото: Батыржан Беспаев

Экономика мен тәуелсіздік – бір-бірімен тығыз байланысты, екеуі де ерекше маңызға ие ұғым. Қазақстан тәуелсіздік алған соң, бірнеше жылдан кейін ғана экономикалық тұрақтылыққа қол жеткізді. ҚР Тұңғыш Президенті жасаған реформалардың маңызы туралы «Назарбаев факторы» деректі фильмінде сарапшылар пікірін ортаға салды. 

«Біз суверенитеттілікке қол жеткізген соң, кеңестік кәсіпорындар арасындағы вертикалды байланыс жойыла бастады. 1995 жылы Қазақстан өндірістік потенциалының 54 пайызын жоғалтып алды», - деп ҚР Ұлттық банкінің экс-төрағасы (1992-1994 жж.) Ғалым Байназаров экономикадағы қиын кезеңдерді еске алды.

Бұл жағдай реформаны қажет еткен. Экономикалық тәуелсіздіктің жоқтығы КСРО тарағаннан кейінгі әлсіз экономиканы одан сайын кері тартып, ұлттық валютаны енгізуге негіз болған.

«Экономикасыз суверенитет болмайды. Ал экономикалық тәуелсіздікке ұлттық валютасыз қол жеткізу мүмкін емес. Осылайша, 1992 жылы бұрын-соңды Қазақстан жерінде болмаған, жаңа банк жүйесінің инфрақұрылымын жасауға қадам жасалды», - дейді Ұлттық банктің алғашқы төрағасы болған Ғалым Байназаров.

Экономикалық тәуелсіздік 1993 жылдан басталды деп айтуға болады. Өйткені, дәл осы жылы мемлекет басшысының шешімімен ұлттық валюта – теңге айналымға енгізілді.

«Біз экономикалық тәуелсіздікке теңгені енгізген ел ретінде қол жеткіздік. Бұл бір жағынан объективті қажеттілік болса, екінші жағынан қаржылық тәуелсіздікке қол жеткізу қажеттілігі еді», - дейді ҚР Ұлттық банкті екі рет басқарған (1999-2004 жж., 2009-2013 жж.) Григорий Марченко. 

Теңгенің енгізілуі реформаның жүзеге асуын тездетті. 1996 жылы Қазақстан экономикасы оң нәтижеге қол жеткізді. 2000 жылы жалпы ішкі өнім көлемі 8,9 пайызға өсті.

«Тікелей шетелдік инфестиция тарту, ноу-хау, технологиялар, капиталдар Қазақстанға 2000 жылдары экономиканы екі есе арттыруға ықпал етті. Өсім деңгейі 9-10 пайызды құрап жатса, ол маңызды көрсеткіштер деп айтуға болады»,- дейді ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалау агенттігінің төрағасы Қайрат Келімбетов.

Қаржылық қадамдармен қатар тұратын маңызды реформаның бірі – транзит жүйесін дамыту. Қаржы жүйесін экономиканың «қан тамыры» десек, жол - сол «ағзаның сүйегі».

«КСРО тарағаннан кейін тәуелсіз Қазақстанның транспорттік жүйесі теңгерімсіз болды. Бір облыстан екіншісіне бару қиын еді. Көбіне көрші елдердің жері арқылы жүріп-тұруға, паспорттық бақылаудан өтуге тура келетін. Жолаушылар мен жүк тасымалы ұзақ айналым жолдарымен жүзеге асты», - дейді вице-премьер Роман Скляр.

Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 1200 шақырым теміржол рельсі салынды. Осылайша, Қазақстанның орталығы мен батысын, шығысын жалғайтын байланыс орнады. 2014 жылы «Нұрлы жол» бағдарламасы іске қосылып, транспорттық хаб құрылды. Қазақстанның экономикасы осылайша оң қадам жасады.

«1998-2000 жылдары Ақсу (Павлодар облысы) мен Дегелең (Семей) елдімекендерін байланыстыратын жол құрылды. Екінші жоба Алтынсарин мен Хромтау арасын байланыстырды. Қостанай мен Ақтөбе облыстары арасында жол салынды» ,- дейді «KAZLOGISTICS» Қазақстан транспортшылары одағының төрағасы Юрий Лавриненко. 

Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары