Ұлттық банк қыркүйектің соңғы үш күнінде 232 млн долларға валюталық интервенция жүргізген

Автор: Azattyq Rýhy

Қаржы институтының өкілдері Azattyq Rýhy тілшісінің сұрақтарына жауап берді

Фото: ашық дереккөзден

23 қарашадағы KASE деректеріне сәйкес, доллардың орташа бағамы 426,62 теңгені құрап, 1,35 теңгеге арзандады. Яғни, «жасыл купюра» құны шамалы арзандап, теңге нығайды. 

Бұған дейін Қазақстан Ұлттық банкі демалыс және дүйсенбі күндері, яғни 22-23 қарашада доллардың ресми бағамы 428,07 теңге болады деп болжаған еді.

Қазақстан экономикасы импортқа тәуелді екені белгілі. Бұл – ішкі фактор. Ал сыртқы факторға мұнай бағасы, рубль бағамы және доллар индексін жатқызсақ, күздің соңғы айындағы құбылу, яғни теңге бағамының аз болса да көтерілуі экономикадағы оң өзгерістердің белгісі бола ала ма?

Бұл сұрақтардың жауабын Ұлттық банк өкілдері Azattyq Rýhy тілшісіне айтып берді.

 - 2020 жылдың соңына қарай теңге бағамы долларға шаққанда қанша болады деп болжанып отыр?

 - Ұлттық банк валюта нарығындағы теңге серпініне қатысты болжамдар ұсынбайды. Еркін жүзу режимі жағдайында теңгенің айырбас бағамы іргелі ішкі және сыртқы факторлардың жиынтығымен айқындалады.

 - Жыл соңына қарай инфляция деңгейі қандай болады?

- «2020 жылғы тамыз-қыркүйек» болжамды раундының қорытындысы бойынша, 2020 жылдың соңына қарай жылдық инфляция 8,0% дейін жеделдеуі мүмкін. Болжамдар 2020 жылдың желтоқсан айында жаңартылады.

Инфляциялық процестер тамақ өнімдері бағасының жоғары өсімінің сақталуы және ақылы қызметтер инфляциясының ішінара үдеуі себебінен жеделдейді.

Азық-түлік инфляциясының одан ары жеделдеуі карантин жағдайында өнімдерді жеткізу тізбегінің бұзылуына, жем-шөп пен шикізат бағасы өсетіндіктен, өндірушілер бағасының да көтерілуіне және импорттық өнімдер бағасының артуына байланысты болады.

Азық-түлік емес тауарлардың қымбаттауының негізгі себебі – дағдарысқа дейінгі бағамен сатып алынған қордың сарқылуы. Экономикалық белсенділіктің қалпына келуі және карантиндік шаралардың біртіндеп баяулауы бензин бағасының көтерілуіне әкелуі мүмкін.

Халықтың сатып алу қабілетінің нашарлауы және нақты ақшалай кірістің төмендеуі жағдайында тұтынушылық сұраныстың азаюы азық-түлік емес тауарлар бағасының өсуін тежейді.

2021 жылы инфляция 4-6%, яғни мақсатты дәліздің жоғарғы шекарасына дейін баяулауы мүмкін. Инфляциялық процестердің баяулауы 2020 жылғы инфляцияның жоғарғы статистикалық базасы мен сыртқы әлсіз инфляциялық қысым нәтижесінде болады. Қосымша дезинфляциялық әсер азық-түлік тауарлары бағасы өсімінің қалыпқа келуіне байланысты болады.

Сонымен қатар, экономикадағы дезинфляциялық динамиканы баға процестеріндегі инерцияның сақталуы, экономикалық белсенділіктің қалпына келуі және әлемдік азық-түлік тауарлары бағасының өсуі жағдайындағы алшақтықтың қайта бейтараптануы тежейді.

-  Ұлттық қордың валюталық активтері қанша пайызға азайды, оның себептері қандай?

- Ұлттық қордың активтері 2020 жылдың 9 айында келесі факторларға байланысты 4,4 миллиард АҚШ долларына немесе 7.2 %-ға азайды:

 - 2020 жылдың 9 айында Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт ретінде 4.1 триллион теңге бөлінді;

- 2020 жылдың 9 айында Ұлттық қорға түсімдер 1.2 трлн теңгеге дейін төмендеді.

2020 жылдың 9 айында Ұлттық қор активтерінің инвестициялық кірісі 1,4 миллиард АҚШ долларын құрады, ал инвестициялық кірістілігі 2,6% құрады.

Жылдың аяғына дейін қордың болжамды түсімдері мен кепілдендірілген трансфертті алу жоспарына сәйкес, Ұлттық қордан 0.3 млрд. долларға баламалы таза сома алу күтілуде.

- Ұлттық банк нарықтың құбылмалы жағдайында теңгенің бағамын қолдау үшін қандай іс-қимылдар жасады?

- Қаржы тұрақтылығын және валюта нарығының қалыпты жұмыс істеуін сақтау мақсатында Ұлттық банк осы жылдың ақпан-наурыз айларында $1,58 млрд теңге көлемінде валюталық интервенцияларды жүзеге асырды.

Мұнай нарығы тарапынан да, дамушы елдер валюталарының серпіні жағынан да сыртқы факторлар күрт нашарлаған биылғы қыркүйектің соңғы үш күнінде күрт құбылмалылықты бәсеңдету мақсатында Ұлттық банк $232 млн-дық валюталық интервенция жүргізді.

Бұдан басқа, теңге бағамына алыпсатарлық қысымды шектеу үшін «Қазақстан қор биржасы» алаңында ара-тұра Франкфурт аукционы түріндегі сауда-саттық іске қосылды.

Келісімшарттармен расталмаған шетел валютасын сатып алу көлемі 100-ден 50 мың АҚШ долларына дейін төмендеді. Егер валюта 10 күн ішінде тиісті мақсаттарға пайдаланылмаған жағдайда, оны кері сату бойынша міндеттеме енгізілді.

ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың тапсырмаларын орындау үшін, валюта нарығын тұрақтандыру мақсатында Үкімет Ұлттық банкпен бірлесіп, валюталық түсімнің бір бөлігін міндетті түрде сату және квазимемлекеттік компаниялардың валюталық депозиттерін Қазақстанның қаржы жүйесіне қайтару тетігін іске асырды. Бұдан басқа, Ұлттық банк валюта нарығына әсерді төмендету үшін квазимемлекеттік сектордың валюталық операцияларын үйлестіруді жолға қойды.

Еркін жүзу жағдайында Ұлттық банк қаржылық тұрақтылықты сақтау мақсатында валюталық интервенция жасау құқығын сақтайды. Бұл ретте Ұлттық банк курстың қандай да бір деңгейіне қол жеткізуге ұмтылмайды. Теңгенің айырбастау бағамы іргелі факторлардың – мұнай бағасының, елдің негізгі сауда әріптестері валюталарының айырбастау бағамдарының және басқа да факторлардың серпінін көрсете отырып, нарық қатысушыларының сұранысы мен ұсынысына қарай қалыптасады.

- Коронавирусқа байланысты әлем елдеріндегі локдаундар мен шектеулер теңгенің бағамына қандай ықпалын тигізеді?

- Коронавирустың екінші толқынының қаупі Еуропа мен АҚШ-тағы жағдайлардың көбеюіне байланысты. 2020 жылы әлемдік экономиканың құлдырау болжамын оң түзетуге қарамастан (-)4,4% (+0,5 п.т.), ХВҚ коронавирустың таралуы бақыланғанша біркелкі қалпына келтіруді күтпейді.

Әлемде осы тәуекелдерді іске асыру дамушы нарықтар валюталарының жалпы динамикасына теріс әсер етеді, олардың қатарына теңге жатады.

Бірақ мұнай бағасының динамикасы теңгеге айтарлықтай әсер етеді. Пандемияның күшеюіне және әлемде жаңа шектеулердің ықтимал енгізілуіне байланысты отынға сұраныстың төмендеуіне қатысты алаңдаушылық артып келеді.

Осы жылдың қазан айының соңына қарай аталған тәуекелдер күшейе түсті – Германия мен Францияда шектеулер енгізілді, мұнай бағасының төмендеуі байқалады. Еркін жүзу режимінде теңге бағамы іргелі факторлардың теріс динамикасы аясында да әлсіреу жағына түзетілді.

Сыртқы факторлардың елеулі құбылмалылығына байланысты теңге бағамын тұрақсыз ететін ауытқуды болдырмау үшін Ұлттық банк валюталық интервенция жүргізу құқығын сақтап қалады.

-  АҚШ-тағы президент сайлауының Қазақстан теңгесіне әсері бар ма?

- Қазіргі уақытта әлемдік қаржы нарықтарындағы жағдайды анықтайтын негізгі фактор – АҚШ, Қытай, Ресей және ЕО сияқты жетекші экономикалардағы короновирус жағдайының даму динамикасы болып отыр. 

Сонымен қатар, АҚШ президентінің сайлауын атап өткен жөн, оның нәтижелері алдағы бірнеше жылдағы саяси, сауда, Әлеуметтік және басқа перспективалардың барысын алдын ала анықтай алады. Бұл тұрғыда АҚШ-тың Қытаймен және Ресеймен қарым-қатынасын одан ары дамыту маңызды болады. Ресей және Қытаймен тығыз экономикалық қарым-қатынасқа байланысты сайланған кандидаттың осы елдерге қатысты кез келген шешімі Қазақстанның ұлттық валютасына әсер етеді.

-  Қазақстандықтардың ақшаны ұлтық валютада сақтау деңгейі қандай (еуро, доллар, рубльмен салыстырғанда)?

- Теңгедегі депозиттердің көлемі 2020 жылдың қаңтарынан қыркүйегіне дейін 1,8 трлн теңгеге (16,7%-ға) өсіп, 12,6 трлн теңгені құрады. Шетел валютасындағы (АҚШ долларын, еуроны және рубльді қоса алғанда), депозиттердің жалпы көлемі 2020 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша 8,7 трлн теңгені құрады және олардың өсу қарқыны 2020 жылғы қаңтар мен қыркүйек аралығында абсолюттік мәнде теңгедегі депозиттермен салыстырғанда үш еседен астам: - 539,4 млрд теңгеге (6,6%-ға) төмен болды. Салымдардың жалпы көлеміндегі теңгелік депозиттердің үлесі 2019 жылғы желтоқсандағы 56,9%-дан 2020 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша 59,1%-ға дейін өсті, бұл теңгеге сенімнің артып келе жатқанын көрсетеді.

Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан