Тоғыз ай қорытындысы бойынша, жергілікті бюджеттің кірістері өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 19,4 пайызға артып, 4,2 трлн теңгені құрады
Бұл бұрынғы жылдармен салыстырғанда тарихи көрсеткіш. Өткен жылдың дәл осы кезеңінде кірістер көлемі 3,5 трлн теңгені көрсеткен еді. Бұл туралы finprom.kz хабарлайды.
Жергілікті бюджеттердің жеке кірістері 120 млрд теңгеден асты. Трансферттерді есептемегенде, түсімдер 1,8 трлн теңгеге жетті, бұл өткен жылдың қаңтар-қыркүйек айларымен салыстырғанда 119 млрд теңгеге көп. Негізгі өсім салық есебінен.
2019 жылдың қаңтар-қыркүйек айлары бойынша салық түсімдері 7,5% артып, 1,7 трлн теңгеге жетті (бір жыл бұрын - 1,6 трлн теңге). Салық емес түсімдер 47,7 млрд теңге болса, негізгі капиталды сатудан түскен түсімдер 68,7 млрд теңгені құрады.
Трансферттер түсімі биыл бірден 31,4%-ға өсіп, 2,4 трлн теңгеге жетті (бір жыл бұрын - 1,8 трлн теңге).
Ең көп кіріс Түркістан облысының жергілікті бюджетіне түсті - 509,3 млрд теңге, өткен жылмен салыстырғанда (434,1 млрд теңге) 17,3% -ға көп. Үздік үштікке Алматы (408,7 млрд теңге) мен Алматы облысы (376,7 млрд теңге) кіреді. ШҚО (292,9 млрд тг) мен Нұр-Сұлтан (285,9 млрд тг) қаласы кіріс көлемі бойынша үздік бестіктің ішінде.
Айта кету керек, Нұр-Сұлтан қаласынан басқа барлық өңірлерде кірістер бойынша жоспар асыра орындалған. Жоспарды асыра орындаған аймақтарға Атырау (19,3 млрд теңге), Алматы (18,4 млрд теңге), Павлодар (12,9 млрд теңге) және Шығыс Қазақстан (11,4 млрд теңге) облыстары кіреді.