Салық кодексіндегі өзгеріс 2020 жылдың 1 қаңтарында күшіне енеді
2020 жылдан бастап автокөлік салығын төлеу мерзімі 31 желтоқсаннан 1 сәуірге дейін ұзартылады. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте айтылды.
«Бұрын салық әр жылдың 31 желтоқсанына дейін төленіп бітуі тиіс еді. Біз соны сәуірге дейін созып отырмыз. Яғни, 2020 жылдың салығын, 2021 жылдың 1 сәуіріне дейін төлеуге болады», - деді мемлекеттік кірістер комитеті өндірістік емес төлемдер басқармасы басшысының орынбасары Дархан Бейсеналиев.
Комитет өкілдері мұндай өзгерісті жергілікті әкімшіліктер бюджетке түскен салықты уақытылы пайдалана алуы үшін жасалып отырғанын айтады.
«Төртінші деңгейдегі бюджетке қарайтындар, яғни ауыл, аудан әкімдіктері салықтан түскен ақшаны сол жылы пайдаланғысы келеді. Олар желтоқсанда түскен ақшаны келер жылдың басында қолдана алмайды. Ал басында түссе, жыл бойына өз керегіне жұмсай алады», - деді Д. Бейсеналиев.
Айта кетейік, 2019 жылдың 1 қазанындағы мәлімет бойынша Қазақстанда 3 млн 906 518 автокөлік бар. Оның 3 млн 669 714-і жеке тұлғаның, 236 804-і заңды тұлғаның атында. Көлік салығын төлейтін жеке тұлғалар саны - 2 784 185. Соңғы 10 айда автокөлік салығынан бюджетке 38 млн 925 162 мың теңге түскен.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан