АҚШ пен бірқатар Еуропа елдеріндегі коронавирустың қайта өршуі дамушы елдердің ұлттық валютасына әсерін тигізген
АҚШ-тағы президент сайлауы әлемдік қор нарықтарының құбылуына әкеп соқты. Коронавирус салдарынан Франция мен Германияда енгізілген локдаундар тауар нарығын біршама төмендетті. Бұл туралы бүгінгі Үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев айтты.
«Жалпы, әлем бойынша мұнай тұтынудың 20%-ы Еуропаға тиесілі. Егер Франция мен Германияға басқа Еуропа елдері қосылса, қараша мен желтоқсанда мұнайды өндіру сұраныстан асып кетуі мүмкін. Бұл ОПЕК-ке қысым көрсетеді және 2021 жылғы қаңтардан бастап өндіруді ұлғайту жоспары қайта қаралуы мүмкін. Осыған байланысты қарашада экономикалық белсенділіктің қысқаруы күтіледі», - деді Досаев.
Ұлттық банк төрағасы баяндама барысында әлемдік экономикадағы тұрақсыздық дамушы елдердің валюталарына да қысым көрсеткенін айтып өтті.
«Карантин шараларын қайта күшейту нәтижесінде, қазанның соңына қарай мұнай бағасы бір баррель үшін 37,5 АҚШ долларын құрап, соның салдарынан қара алтынға деген сұраныс әлсіреді. Бір айда төмендеу деңгейі 8,5%-ды құрады», - деді Ұлттық банкі төрағасы.
Сонымен қатар, Ерболат Досаев Ұлттық банк есебінен қаржыландырылатын «7-20-25», «Баспана Хит» бағдарламаларының нәтижесін баяндады.
«7-20-25» бағдарламасы бойынша биыл 5 қарашаға дейін 295,3 млрд теңгеге 25 186 өтінім мақұлданды. Оның ішінде 232,1 млрд теңге сомасына 19 891 қарыз берілді. Ал, «Баспана Хит» нарықтық ипотекалық бағдарлама бойынша 404,5 млрд теңге сомасына 45 866 өтінім мақұлданып, 320,6 млрд теңгеге 37 176 қарыз берілді» - деді Ерболат Досаев.
Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан