Микроқаржылық ұйымдар қарыз алушылардың сауатсыздығын жиі пайдаланады – ҰЭМ

Автор: Azattyq Rýhy

Қазақстанда микроқаржы ұйымдары банктерге теңестірілуі мүмкін

Фото: ашық дереккөзден

Микроқаржылық ұйымдарды банктерге теңестіру қарыз алушылардың жағдайын жақсартатын болады. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі мәжілістің жалпы отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Төменгі палатаның жалпы отырысында депутат Мансұрхан Махамбетов Ұлттық экномика министріне микроқаржылық ұйымдардың мәселесіне қатысты депутаттық сауал жолдады.

 «Мемлекет басшысының «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты жолдауын іске асыру шеңберінде заң жобасында микроқаржы қызметі субъектілерінің қаржы ұйымдарына жатқызу бойынша нормалар енгізіліп отыр. Микроқаржы ұйымдары негізі қысқамерзімді, шағын қарыздар беруге мамандандырылғаны белгілі. Ал банктер сияқты қаржы ұйымдары неғұрлым ірі сомаларды және неғұрлым ұзақ мерзімге береді. Осыған байланысты, айтыңызшы, микроқаржы ұйымдарын банктерге теңестіруден қарыз алушылардың жағдайы қаншалықты жақсарады?», - деді Мәжіліс депутаты Мансұрхан Махамбетов.

Өз жауабында Руслан Дәленов бұл өзекті мәселенің алдағы уақытта реттелетінін мәлім етті. Сондай-ақ, министр микроқаржылық ұйымдар қарыз алушылардың сауатсыздығын жиі пайдаланатынын айтты.

«Меніңше, қарыз алушылардың жағдайы жақсарады. Бүгінгі күні банктік емес ұйымдар азаматтарға кредит беруде. Бірақ мөлшерлемелері жоғары. Айыппұлдары мен комиссиялары да жоғары. Қарыз алушылар кейде сауатсыз болуы мүмкін. Аталған ұйымдар осыны пайдалануы мүмкін. Бұл азаматтарымыздың құқықтарын бұзады.  Себебі осындай ұйымдар қазіргі таңда реттелмейді. Енді оларды қаржы ұйымдарына теңестіру ұсынылады. Олар енді реттелетін болады. Бұл мысалы, кредиттің шекті мөлшерлемесі бойынша талаптар қойылады деген сөз. Қаржы реттеу агенттігі лицензияланатын мекемелерді тексеретін болады. Осының бәрі қарыз алушылардың құқықтарын күшейтеді», - деді Руслан Дәленов.

Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан