Еуразиялық экономикалық одақтың тауар айналымы биыл 21%-ға төмендеді
Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) мүшелігіне өткеніне биыл 5 жыл толды. Экономистер, саудагерлер мен ғалымдар түгілі, көріпкелдердің өзі болжап-білмеген 2020 жылғы пандемия ЕАЭО елдерін де айналып өтпеді. Осы ретте, одақтың белді мүшесі саналатын Қазақстанның сыртқы тауар айналымы қай бағытта өзгерді? Azattyq Rýhy тілшісі зерттеп көрген еді.
НАУРЫЗ-ШІЛДЕ АЙЛАРЫНДА ТАУАР АЙНАЛЫМЫ 21%-ға ТӨМЕНДЕДІ
ҚР Сауда және интеграция министрлігінің Azattyq Rýhy-на берген ресми жауабына сәйкес, пандемия кезеңінде (2020 жылғы наурыз – шілде) Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) тауар айналымы 238,5 млрд АҚШ долларын құрады. Осылайша, 2019 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 21%-ға төмендеді. Былтыр бұл көрсеткіш 302,3 млрд АҚШ долларын құраған.
ЭКСПОРТ ЖӘНЕ ИМПОРТ
2020 жылғы наурыз – шілде кезеңінде ЕАЭО-дан әлемге экспорттық жеткізілімдер 136,7 млрд АҚШ долларын құрады, яғни 2019 жылмен салыстырғанда 27,1%-ға төмендеді. ЕАЭО аумағынан импорт ағындары да 101,8 млрд АҚШ долларын құрады.
Осылайша, короновирустық инфекцияның таралуына қарсы бағытталған шектеулерден туындаған жағымсыз құбылыстар салдарынан ЕАЭО экономикалық белсенділігінің төмендеуі байқалады.
COVID-19 ПАНДЕМИЯСЫ ҚР СЫРТҚЫ ТАУАР АЙНАЛЫМЫНА ҚАЛАЙ ӘСЕР ЕТТІ?
«COVID-19 пандемиясы ҚР сыртқы тауар айналымына бірнеше фактор бойынша әсер етті. Біріншіден, отандық тауарды импорттаушы елдердегі карантиндік іс-шараларға байланысты өнеркәсіп өндірісі тежеліп, қазақстандық тауарларға деген сұраныс азайды. Екіншіден, отандық тауарлардың экспорт бағыты бойынша мемлекеттік шекаралардағы эпидемияға қарсы іс-шаралар тауарлардың қозғалысына кедергі туындатты. Үшіншіден, ел ішіндегі және ЕАЭО ішіндегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қарақұмық, ұн, қант, күнбағыс майы және т. б. тауарлардың экспортына уақытша шектеу енгізілді»,- деп мәлімдеді министрліктің баспасөз қызметі.
ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕАЭО ЕЛДЕРІМЕН ТАУАР АЙНАЛЫМЫ 12%-ға АЗАЙДЫ
Жалпы алғанда, 2020 жылдың қаңтар-тамыз айларында ҚР ЕАЭО елдерімен тауар айналымы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12,2% азайып, 12 млрд АҚШ долларын құрады.
Тауар айналымы құрамында экспорт өткен жылмен салыстырғанда 18,4% төмендеп, 3,4 млрд АҚШ долларын құраса, импорт 9,5% азайып, 8,7 млрд АҚШ долларын құрады.
ЕАЭО ЕЛДЕРІ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҚАНДАЙ ТАУАРЫНАН БАС ТАРТТЫ
ҚР 2020 жылдың сәуір-тамыз айларындағы ЕАЭО елдеріне экспорты өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 22,4% азайып, 2,1 млрд АҚШ долларын құрады.
Тауар құрамы бойынша (ТОП-5):
ЕЛІМІЗ COVID-19 САЛДАРЫНАН ҚАНДАЙ ӨНІМДЕРДІ ИМПОРТТАУДАН БАС ТАРТТЫ – ТОП-5 ТАУАР
ҚР 2020 жылдың сәуір-тамыз айларындағы ЕАЭО елдерінен импорты өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 14,6% азайып, 5,5 млрд АҚШ долларын құрады.
Тауар құрамы бойынша (ТОП-5):
5 ЖЫЛДАҒЫ КӨРСЕТКІШ ҚАНДАЙ?
Мақаланың басында атап өткендей, Қазақстанның бұл Одаққа мүшелікке өткеніне 5 жыл толды. Осы уақыт аралығында, пандемия жағдайынан басқа да факторларға байланысты, Қазақстанның ЕАЭО-ның барлық елдеріне экспорты азайғанын атап өткен жөн. 5 жылда біздің елдің тек Арменияға жасайтын экспорты көбейген, нақты айтқанда, 7 есе артқан.
Мәселен, 2020 жылғы қаңтар-шілдеде Қазақстанның Ресейге экспорты 2015 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11,5%-ға азайды, яғни 2,5 млрд АҚШ долларын құрады.
Беларусь Республикасына экспорт 2020 жылдың жеті айында 2015 жылдың жеті айымен салыстырғанда 4,4%-ға қысқарып, 37,1 млн АҚШ долларын құрады. Алайда импорт, керісінше, 15,8%-ға, яғни 331,4 млн АҚШ долларына дейін ұлғайды.
Армения – Қазақстанның экспорты бес жыл ішінде артқан жалғыз ел. Аталған уақытта Арменияға экспорт 4,3 млн АҚШ долларына дейін көбейді, осы мемлекеттен жеткізілімдер де ұлғайды (импорт) - шамамен 19%-ға немесе 3,4 млн АҚШ долларына дейін артты.
Еуразиялық экономикалық одақ – халықаралық құқық субъектілігі бар және Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартпен құрылған өңірлік экономикалық интеграцияның халықаралық ұйымы. ЕАЭО-да тауарлардың, сондай-ақ көрсетілетін қызметтердің, капитал мен жұмыс күшінің еркін қозғалысы және экономика салаларында үйлестірілген, келісілген немесе бірыңғай саясат жүргізу қамтамасыз етіледі. РФ, Қазақстан, Қырғызстан, Армения және Беларусь Республикасы – осы одақтың мүшелері.
Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан