Жыл басынан бері жұмыртқа бағасы 2,9 пайызға төмендеген

Автор: Azattyq Rýhy

Елімізде жұмыртқа өндірісімен айналысатын 36 құс фабрикасы бар

Фото: ашық дереккөзден

Қазақстанда жұмыртқа бағасы жыл басынан бері 2,9 пайызға төмендеген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

Еліміз бойынша 36 құс фабрикасы жұмыртқа өндірісімен айналысады. Өндіріс ошақтары жоспарға сай жылына шамамен 4 млрд 600 млн жұмыртқа шығарулары тиіс. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.

Алайда құс тұмауы анықталған екі фабрика ветеринарлық-санитарлық талаптарға байланысты 4 айға жұмыстарын тоқтатуға мәжбүр. Жалпы, бір жұмыртқаның құны қазіргі уақытта 29,3 теңгені құрап отыр. Бұл жыл басындағы көрсеткішпен салыстырғанда 2,9 пайызға төмен. 

«Барлық аймақтардағы бағаларды мониторинг жасау арқылы бақылауда ұстап отырмыз. Жалпы, еліміздегі өндіріс көлемі ішкі нарықты қамтамасыз етуге толықтай қауқарлы. Дегенмен Қарағанды облысында қыркүйек айының көрсеткіші бойынша жұмыртқаның бағасы  3,5 пайызға өскен. Өңірде 5 құс фабрикасының ешқайсысында құс тұмауы тіркелген жоқ. Өндіріс жұмысы тұрақты. Сондықтан да аймақтағы өнім бағасының өсуі құс тұмауымен байланысты емес» - деді АШМ Мал шаруашылығын өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаментінің директоры Еркебұлан Ахметов.