Қазақстанда жалпы ішкі өнім 3% төмендеді

Автор: Azattyq Rýhy

Оның себебі – халықтың қызметті аз тұтынуы 

Фото: Нұрдәулет Әбікеев

Бүгін Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов Қазақстанда әртүрлі саладағы қызметтердің үлесі 6,1% азайып кеткенін хабарлады. Соның салдарынан, жалпы ішкі өнім 3% төмендеп отыр. 

«2020 жылғы қаңтар-тамыздың қорытындылары бойынша елдің әлеуметтік-экономикалық даму нәтижелері мынадай: Тамыздың екінші жартысында қызметтер секторының бірқатар салалары жұмысын қайта бастады. Экономиканың нақты секторында өсім бар. Олар құрылыс, ауыл шаруашылығы және өңдеу өнеркәсібі», - деді ол карантинге қарамастан, өсімін сақтаған салаларды атай отырып. 

Жалпы, осы аралықта дайын өнімдердің экспорты ұлғайған.

«Жылдық инфляция 7% дейін бәсеңдеді. Тауарлар өндірісі 1,7%-ға өсті. Сонымен бірге, көрсетілетін қызметтер 6,1%-ға қысқарды. Сондықтан жедел деректер бойынша, жалпы ішкі өнім 3%-ға төмендеді», - деп хабарлады Дәленов