Өткен жылы Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда-саттық көлемі 13 пайызға артқан. Алайда, қазақстандық экспорт көлемі төмендеген
Қазақстан-Ресей сауда қатынасында түрлі әкімшілік кедергілер көбейіп, елімізден көршіге экспортталатын тауар көлемі азайған. Оның қатарында кеден саласындағы олқылықтар да бар. Көрші мемлекеттер арасындағы тауар айналымы мәселелері Ресей Федерациясының Омбы облысында өтіп жатқан өңіраралық форумында талқыланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Өткен жылы Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда-саттық көлемі 13 пайызға артып, 18 мың долларды құраған. Осыған қарамастан, қазақстандық экспорт көлемі төмендеген.
«Бүгін Қазақстан мен Ресей үкіметтік ұйымдарымен бірлесіп Еуразия экономикалық одағына мүше мемлекеттер арасында сауда-саттық саласына тежеу болып отырған әкімшілік кедергілер туралы ашық айттық. Біздің ел тарапынан одақ ішінде экспорт көлемі кеміп жатыр. Оған түрлі әкімшілік кедергілер себеп болып отыр. Мемлекеттер арасында біріңғай ақпарат базасы жоқ. Біз шетелдерге негізінен түрлі металдар мен азық-түлік өнімдерін жөнелтеміз. Ал Ресейден келетін тауарлар артқан. Бұл мәселенің түйінін бірлесіп табуымыз қажет. Бүгінгі форум өз жемісін береді деген үміттемін», - дейді СҚО кәсіпкерлер палатасының директоры Дархан Қалиев.
Кедендік кедергілер бойынша да бірқатар проблемалар көтерілді. Орынбор облысы губернаторы орынбасарының міндетін атқарушы Наталья Левинсон әсіресе Ресей тарапынан қиындықтар көп екеніне тоқталды.
«Көлік логистика саласындағы мәселелер бірінші орында тұр. Халықаралық автомобиль өткізу бекеттері ескірген. Шекарада болып жатқан жағдай, әсіресе ресейлік жақта не экономикалық, не адами қарым-қатынасқа сай емес. Кеден және Еуразия одақтары құрылғалы көлік қатынасы 5-6 есе көбейді. Моральдық тұрғыдан тозған «Саранчин», «Маштаково», «Орск» бекеттері өз жұмысына түскен салмақты көтере алмай отыр», - деді губернатор орынбасары.
«Еуразиялық акцент: өңіраралық сауда-саттықты дамыту» панельдік сессиясында екі ел арасындағы сауда кедергілерін жою жөнінде бірқатар ұсыныстар жасалды. Аталған мәселелермен арнайы құрылған комиссия айналыспақ.
Эльмира Мәмбетқызы, РФ Омбы облысы